Kyzylorda-news.kz Түркістан облысы, Келес ауданында анасы мен қызы айуандықпен өлтірілген ауыл тұрғындары күдіктінің туыстарының аймақтан кетуін талап етіп, бас көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғындармен қоса ауыл әкімінен бастап, тәртіп сақшылары 30 жастағы ер адамның үйіне барған. Күдіктінің жақындары "ауылдан көшіңдер" деген тұрғындар талабына үш апта уақыт беруді сұраған.

"Марқұмның жақындары да, күдіктінің туыстары да осы аядай ауылда тұрады. Ертелі-кеш бір-бірін көруі мүмкін. Ер азаматтар арасында кек алу мақсатында қантөгіс болмасына кепілдік жоқ. Сондықтан қамаудағы адамның жақындары бұл ауылдан көшсін деп талап еттік", – деді марқұмның туыстары.

Ақырында күдіктінің отбасы үш апта ішінде ауылдан көшіп кетуге уәде берген.

Одан бөлек азаппен ажал құшқан Зарипа Нарымбетова мен Нұрила Тоғанбайдың жақындары полицейден қысым көрдік деп араша сұрап жатыр. Марқұм 45 жастағы келіншектің артында қалған қос қызын аудандық полиция бастығы шақырып алып, ақпарат жариялағаны үшін айыппұл салып немесе қамауға алатынын айтып, қорқытқан.  

"Келес аудандық полиция басқармасының бастығы өз кабинетіне кіргізіп, сіздер неге әлеуметтік жағдайларға ақпарат таратасыңдар? Бүкіл жазған, шығарған сөздеріңіздің бәрін өшіріңіздер. Өшірмесеңіздер сіздерге 600 мың теңге айыппұл саламын. Болмаса 15 тәулікке қамауға да құқығым бар деп қысым көрсеткен", – дейді Ержан Байболатов.

Тағы да оқыңыз: