Kyzylorda-news.kz.  Әйел – әсемдіктің символы ғана емес, қажырлы еңбегімен танылған өрліктің де ерен үлгісі. Олар өмірге ұрпақ әкелумен қатар қоғам өміріне де белсене араласып, әр салада білікті маман ретінде танылып жүр. Сондай жандардың бірі – Бақытжамал Жүгінісова. Ол талай жыл табанды еңбек етіп, қазір де зейнетке шықса да еңбектен қол үзбеген жан. Толығырақ танысып, мақалада баяндалады. 

Бақытжамал Жүгінісова 1962 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1964 жылдар шамасында әкесі Әзбергеннің қызмет бабымен Аралға қоныс аударған. Арал қаласындағы іргелі білім ордасының бірі №83 орта мектептің табалдырығын аттап, сол мектептің алғашқы түлектерінің бірі болып қанат қаққан.

– Мектепті бітірген соң жоғары мамандық алуды алдыма мақсат етті. Осылайша сол кездегі Тараз құрылыс институтына "су құрылысы инженері" мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды 1984 жылы аяқтадым. Ол кезде дипломды мамандарды жолдамамен жұмысқа орналастыратын. Мен Орал қаласына аттандым. Сондағы Батыс Қазақстан су құрылысы жобасын жасайтын институтқа инженер қызметіне орналастым. 1987 жылы туған жерім Аралға келдім. Осындағы Арал балық өндірістік акционерлік қоғамында инженер болып қызмет жасадым, – деген кейіпкеріміз еңбек жолының баспалдағын айтып берді. 

Бақытжамал Әзбергенқызы 1986 жылы жолдасы Бақыт Жүгінісовпен шаңырақ көтереді. Өзі бір отбасының келіні, ана атанып жүріп әйелдер мәселесіне мән беріп, қоғамдағы әйелдердің мұң-мұқтажын өтесем деген мақсат қояды. 2001 жылы  «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігіне қызметке келеді. 2006 жылы «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры қызметін атқарады. Ал 2007 жылдан бастап «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде қызмет істеп келеді. 

– Біздің қоғамдық бірлестік Аралдағы әйелдердің мәселесіне мән беріп, олармен түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырып келеді. Осы уақытқа дейін ауыл әйелдерін көтеріп, жұмыссыз санаттағы жастарға, қыз-келіншектерге өз кәсіптерін ашуға, бизнес жобалар дайындауға көмек көрсеттік. Сондай-ақ арнайы мамандарды шақырып, әйелдер арасында түрлі шеберлік курстарын тегін үйретіп жүрміз. Жалпы қазір қыз-келіншектерге жан-жақты қолдау керек. Отбасындағы беріктік пен береке әйелге байланысты. "Заманына қарай адамы" дегендей, қазір әйелдер үй шаруасымен отырып қалғысы келмейді. Еңбек етіп, қоғам өміріне араласқысы келеді. Сол жағынан қолдау көрсетіп жүрген жайымыз бар, – дейді Бақытжамал Әзбергенқызы. 

Бақытжамал апай бастамашы болып жүрген талай игі шаралады естіп те, көріп те жүрміз. Нәзік жандылардың  өз ісімен айналысып, табысты әйелге айналуына қолдау көрсетіп жүрген жан. Арал аудандық «Аналар кеңесінің» белсенді мүшесі. Оның жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері көп. Жоғары басшылық тарапынан Құрмет грамотасына, Алғысқа бөленіп жүр. Барақ кейіпкеріміз өзімнің ең үлкен жетістігі әйелдерге көмек көрсетіп, алғысын алудан асқан құрмет жоқ екендігін айтады. 

Бақытжамал Жүгінісова отбасылық бақытқа кенеліп, өмірге төрт бала әкелді. Қазірде бәрі бір-бір отбасы болып өмірден өз орындарын тапқан. Былтыр құрметті зейнетке шықты. Еңбектен қол үзбей жүріп, аралдық аруларға қолдау көрсету ісін одан әрі жалғап жүрген табанды әйел, көпбалалы ана, мейірімді әже Бақытжамал Әзбергенқызы қандай мақтауға лайықты жан.

Тағы да оқыңыз: