Kyzylorda-news.kz. «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет». Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Мемлекет Басшысы осылай айтқан соң, талай адамның көкейінде жүрген түйткіл өздігінен шешілген шығар.
«Егемен Қазақстан» газетіне Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы шықты. Мақала «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт бөлімнен тұрады.
«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын».
Президент мақаласының бастауында осындай ойлар бар. «Мәдени мұра» бағдарламасының ұлт шежіресін түгендеудегі орны, отандық телеарналарда міндетті түрде тарихи тақырыптардың қамтылуы, ел тарихындағы ақтаңдақтар, оны мұқият зерделеу, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыздың жазылуы жақсы көтерілген. Сондай-ақ жерге, тілге, шекараға қатысты көптің ойында жүрген өзекті мәселелер айтылған. Тәуелсіздігімізді нығайтып, егемендігімізді еңселі ету мақсатында осы кезге дейін не істелді, қандай шаралар атқарылды, міне, осы сұрақтардың жауабы айтылған. Мақаланы толыққанды оқыған адам қазақ баласына ары қарай да не істеу қажеттігі жазылғанын аңғара алады. Бір сөзбен айтқанда, «Nur Otan» партиясы көтеріп жүрген көп түйткілдің түйіні тарқатылған.
Қазір жасыратыны жоқ, көрші елдегі саясаткерлер Қазақстан жеріне қатысты «Қазақстан территориясы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы» деген сыңайдағы пікір айтуда. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек»,-деп тұжырым жасайды. Шала ойлыларға дәлелді әрі нақты жауап, қазақтың жері ешкімнің сыйы не мұрасы емес.
Қазір мемлекеттік тіл мәселесі де жұрт назарында тұр. Президент бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» – деп туған тілдің шын жанашыры екенін көрсетеді.
«Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік.
Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу».
Бұл Президент мақаласының түйіні ғана емес, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына орайлас көп сұраққа жауап іздеген ел азаматтарының да тоқтамы болса, қанеки.
Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,
«Сыр медиа» ЖШС бас директоры.
