Kyzylorda-news.kz. Көктемгі егін науқаны басталуына орай Аманкелді ауылының тұрғындары тарапынан аяқ суға деген қажеттілік орын алуда. Соңғы кездері елді мекенді аяқ сумен қамтитын «Жетікөл Жарма» каналының іші қоға, шылау және қураған ағаштар басып, аяқ судың еркін жылжуына кедергілер келтіріп келеді. Қазіргі уақытта бақша егіп, мал ұстап, жеке шаруасын жүргізгісі келетін азаматтар көбейіп келеді. Соған байланысты «Жетікөл Жарма» каналының аяғы 165 ПК – 305 ПК (Хвостовой Жетікөл Жарма каналы) аралығын тазарту, қазу жөнінде ауыл ардагерлері мен тұрғындары тарапынан ұсыныстар айтылуда.
Бұл мәселе 2023 жылдың ІІ тоқсанында аудан әкімі Б.Сарменбаевтың Аманкелді ауылы тұрғындарымен кездесу жиынында да көтерілген болатын. Халық үніне құлақ асқан аудан басшысы тиісті сала басшыларына шұғыл тапсырма беріп, нәтижесінде ауыл тұрғындарының ұсынысына сәйкес арнайы техникалар бөлініп, «Жетікөл Жарма» каналының аяғына 165 ПК – 305 ПК аралығына қазу жұмыстары жүргізуде.
Бүгінде «Жетікөл Жарма» каналының тазартылуына ауыл тұрғындары дән риза. Егіс алқабына тұрақты аяқ су жебірілу үшін тазарту жұмысы жалғасын табуда. Қашанда ауыл тұрғындарының өтініші аяқсыз қалмай, жүйелі жұмыстар атқарылғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта осындай жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылса деген тілек бар, – деді аудандық мәслихат депутаты Нұрман Абдрасилов.