Байқоңыр қаласында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі, «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дәулет Ізбасарұлының қатысуымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тақырыптық қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдау барысында азаматтар түрлі әлеуметтік-құқықтық мәселелер бойынша өтініштерін білдірді. Атап айтқанда, тұрғын үй кезегі, әлеуметтік төлемдер, жеке кәсіпкерлікке қатысты құқықтық сұрақтар, сондай-ақ мүлікке байланысты салық мәселелері көтерілді.
Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты түсіндірмелер берілді.
Келіп түскен сұрақтардың бірі І топ мүгедектігі бар, Чернобыль апатының ардагері санатындағы азаматтарға тұрғын үйдің кезектен тыс немесе басым тәртіппен берілу мүмкіндігіне қатысты болды. Бұл бағытта заңмен белгіленген нормалар мен талаптар түсіндірілді.
Сондай-ақ, жеке кәсіпкер ретінде жақында ғана жұмысын бастаған азаматшаның декреттік төлем тағайындау тәртібі жөніндегі сұрағы қаралды. Бұл ретте әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттары мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жарналарының маңыздылығына назар аударылды.
Қабылдау қорытындысы бойынша тұрғындардың өтініштерін оңтайлы шешу бақылауға алынып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.
«Бүгін ұйымдастырылған “Құқықтық көмек” партиялық жобасы аясындағы тақырыптық қабылдау азаматтардың өзекті мәселелерін заң аясында шешуге бағытталған маңызды алаң. Біз үшін әрбір тұрғынның өтініші мен ұсынысы маңызды. Қоғамдағы кез келген мәселе ашық айтылып, заң шеңберінде шешімін табуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік қолдау, тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік төлемдер сияқты бағыттарда түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бүгін көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Біз тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты шешімдер қабылдауға жұмыс жасаймыз», – деді төраға Жандос Базартай.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және өзекті мәселелерін шешуге ықпал ету – мұндай қабылдаулардың басты мақсаты болып қала береді.
