Kyzylorda-news.kz Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырары анық. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге және қарапайым еңбек адамдары мамандықтарын дәріптеу арқылы нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді.
Бүгін «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов пен теміржол саласының ардагері, қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ибрагим Басықараев «Магистралды желі» бастауыш партия ұйымында болып, шойын жолдың сырын біліп қана қоймай, әрбір отбасының, әр азаматтың баратын жеріне аман-есен жетуіне қолайлы жағдай жасап, жолының сапалы, таза, әрі қауіпсіз болуына еңбек етіп, жүрген теміржолшы мамандармен, сондай-ақ салада ұзақ жылдар табанды еңбек етіп, өңір экономикасының дамуында өзіндік қолтаңбалары бар отбасылық династиялармен кездесті.
Кездесуде партияның облыстық филиалының төрағасы сала мамандарын Амал мерекесімен құттықтап, мемлекет, партия, жергілікті әкімдік тарапынан жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, еңбек адамдарына құрмет көрсету мен аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады.
«Елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ауқымды тірлік атқарылып жатыр. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық берілуде. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 ғалым шетелде машықтануға мүмкіндік алады»,- деді Алмасбек Есмаханов.
Іс-шара барысында теміржол саласында 30-40 жыл қызмет жасап, еліміздің дамуына үлесіп қосып келе жатқан аға буын өкілдері сөз алып, өткен күндерді еске алып, бүгінгі күнге тәубе етті. Солардың бірі 40 жыл қызмет жасап бүгінде соның зейнетін көріп отырған Махмед Майгелдиев.
«Мен теміржол саласында 40 жыл таза еңбек етіп, зейнетке шықтым.Менің әкем Баймұхамбет 1901 жылы дүниеге келген. Теміржол саласында 32 жыл жол жөндеушісі болып қызмет атқарып, 1963 жылы зейнетке шыққан. Өзінің еңбек жолында «Қызыл Ту» орденімен және «Еңбек ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ағаларым да, кейін өзім де келдім осы салаға. Біз жұмысқа кірген жылдары жұмыс істеу механизмдері тым бөлек болатын. Қазір барлығы өзгеше, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Шүкір, еңбек етсең барлығы болады. Осы күнге еңбекпен жеттік. Жолдасымда осы саланың ардагері. 7 бала тәрбиеледік. Қазір балаларымыздың барлығы осы теміржолға қарасты әртүрлі бөлімшелерде қызмет етеді», - деді Махмед Майгелдиев.
Кездесу соңында партияның облыстық филиалының төрағасы сала ардагерлері мен мамандарын алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.
«Магистралды желі» бастауыш партия ұйымында «Жол дистанциясы», «Вокзал шаруашылығы», «Белгі беру және байланыс дистанциясы», «Электрмен жабдықтау дистанциясы» барлығы 4 бастауыш топқа топтастырылған 793 партия мүшесі бар. Бастауыш партия ұйымы қатарына жыл басынан бері жаңадан 35 мүше қабылданды. Мұндағы партия мүшелері негізгі қызмет пен бірге еліміздің қоғамды саяси өміріне белсенділік танытып келеді. Биыл жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған «Ең үздік бастауыш ұйы» конкурсының қалалық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленді.