Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында 2024 жылы орташа жөндеуден өткен Әйтеке би көшесі биыл қайта жаңғыртылуда. Бұған өткен жылғы жол сапасына жүргізілген зерделеу барысында асфальт жабынының бірқатар бөліктерінде ыдырау, ой-шұқырлардың пайда болуы секілді ақаулардың анықталуы себеп болды. Осыған байланысты мердігер мекемеге бірнеше рет ескерту жасалып, ішкі мемлекеттік аудит қорытындысымен мәселе сотта қаралды. Нәтижесінде, мердігер жолды өз қаражаты есебінен қайта төсеуге міндеттелді. Қазіргі таңда қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

Осыған орай, «AMANAT партиясы» Қазалы аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы Әйтеке би көшесіндегі жұмыстардың барысына арнайы бақылау жүргізді. Аталған мәселе бұған дейін әлеуметтік желілерде кеңінен көтеріліп, тұрғындар тарапынан үлкен резонанс тудырған болатын. Нәтижесінде, мәселе Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралып, жол құрылысына тұрақты бақылау жүргізу туралы шешім қабылданған еді.

Комиссия құрамында жол және құрылыс саласында тәжірибесі бар аудандық мәслихат депутаттары бар. Олар нысан басында болып, құрылыс барысын зерделеп, мердігер мекемеге бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, құрылыс сапасын арттыру, технологиялық талаптарды сақтау және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі ескертілді.

Комиссия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков бұл мәселенің аймақ басшысының тікелей бақылауында тұрғанын атап өтті.

«Жалпы жол мәселесі – ең өзекті тақырыптардың бірі. Бұған дейін, яғни 2024 жылы жүргізілген осы көше бойынша жол сапасына қатысты тұрғындар тарапынан бірнеше рет шағым түсті. Ендігі кезекте сапаға басымдық беріп, халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтау қажет», – деді ол.

Бүгінде жолдың бірқатар бөлігі толықтай аяқталған. Қалған учаскелерде тиісті жұмыстар жалғасуда. Мердігер мекеме «Строй Модуль - Астана» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, нысанды мамыр айының соңына дейін толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Аманаттықтар  жоба толық пайдалануға берілгенше құрылыс сапасы бақылауда болатындығын айтады.

Әйтеке би жол сапасы бақылауда 2.jpg

Тағы да оқыңыз: