Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынды кеңес төрағасы Мақсұт Ыбрайханұлы Нәлібаев жүргізді. Отырысқа партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай,кеңес мүшелері, сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселеге жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары қатысты.
Жиында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі қаралды. Аталған тақырыптың өзектілігі ерекше атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Әсіресе, облыс аумағынан өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізіндегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ербол Талекенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов және Қызылорда ОПД ӘПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Нұркен Бақтияров баяндама жасады.
Отырыста партия филиалының төрағасы Базартай Жандос Нұртайұлы жол-көлік оқиғаларының санының артуы алаңдаушылық туғызатынын атап өтіп, соңғы жылдары республика бойынша жол апаттары айтарлықтай көбейіп, зардап шеккендер санының өскенін айтты. Әсіресе, өңірлер арасында Қызылорда облысында бұл көрсеткіштің жоғары болуы мәселенің өзектілігін күшейте түседі. Осыған байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын алу шараларын күшейту және жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын арттыру қажеттігіне баса назар аудару керек екенін тілге тиек етті.
«Облыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында заманауи автоматтандырылған бақылау жүйелері кеңінен енгізілуде. Бүгінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін құрылғылар саны 124-тен 183-ке дейін көбейтіліп, 47,6%-ға артқан. Сонымен қатар, «ПЦ ЕРАП» жүйесімен біріктірілген «Интеллектуалды қиылыс» құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жол қозғалысын бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беруде.»-деді Қызылорда ОПД ӘПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Нұркен Бақтияров.
Инспекция басшысы Ербол Тәлекеновтың айтуынша Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы автомобиль, теміржол және су көлігі салаларында бақылау-қадағалау жұмыстарын тұрақты түрде жүзеге асыруда. 2025–2026 жылдар аралығында мыңдаған әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, айыппұлдар өндірілген, мемлекеттік қызметтер толық көлемде көрсетілуде. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктерін бақылау үшін автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылып, жол қауіпсіздігін арттыру бағытында нақты шаралар қабылдануда. Инспекцияда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ішкі бақылау күшейтіліп, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жиын барысында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар, ұсыныстар мен пікірлер айтылып, алдағы жұмыстарды үйлестіру бағыттары айқындалды.
