Kyzylorda-news.kz.  Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне  партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған облыстық Жол картасын таныстырды.

Жол карта бағдарламаны іс жүзінде тиімді іске асыру үшін «Аймақ экономикасын дамыту», «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту», «Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру», «Әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау» және «Экологиялық жағдайды жақсарту» секілді  5 бағытқа топтастырылып, бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар мен көрсеткіштер ескерілген.

Мәселен, «Аймақ экономикасын дамыту» шеңберінде 32 іс-шара көзделген. Облыс индустриалды-аграрлық өңір және халықтың 53%-ы ауылдық елді мекендерде тұрғандықтан, аймақтың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын одан әрі дамыту өзекті мәселе.
Осы ретте, өңірде мұнай қорының сарқылуына орай 2 учаскеге геологиялық зерттеу жүргізіліп, аймақ экономикасын әртараптандыру мақсатында тау-кен өнеркәсібіне 237,5 млрд. теңге инвестиция тартылып,  мырыш, қорғасын және ванадий өндіретін 2 ірі жоба жүзеге асырылмақ.

Мұнан бөлек агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 2 су қоймасының құрылысы жүргізіледі. 28,9 млрд. теңге инвестиция тартылып сүт, томат пастасы, құс еті, күріш өңдеу, құрама жем шығару және тағы басқа өнімдер шығаратын ірі инвестициялық жобалар іске асырылмақ.  «Бұл шаралар нәтижесінде инвестиция көлемі 2 есеге артып, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 28% өседі.Сонымен қатар 100 мыңнан астам жұмыс орындары құрылып, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 130 мың адамға жететін болады»,- деді партия филлиалының төрағасы.

Жол картада «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту» мәселесі де шет қалмаған. Атап айтсақ халықты тұрғын үймен қамту мақсатында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 3 554 мың ш.м. тұрғын үй салынбақ. Осы ретте ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал тобындағы 1100 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 100 жастар.

Жол қатынастарын жақсарту үшін алдағы 5 жылда 700 км-ден астам жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары, 800 км-ден астам елді мекендердің ішкі жолдары жөндеуден өтіп, 18 көпір қайта жаңартылады.  Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 96%-ға жеткізіледі.

2027 жылы облыстағы барлық елді мекендер таза ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі. Ол үшін 8 ауылда сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады және 24 ауылда су тұшытқыш қондырғылар орнатылады. Атап өту керек, облыс тұрғындарының 97,8 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жоба іске асырылып, тұрғындардың газбен қамтылу үлесі 68%-дан 80%-ға артады.

Бүгінгі күні электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуы жоғары. Бұл бағытта 3 жоба жүзеге асырылады. Қызылорда қаласында 28 км жылумен жабдықтау желілері қайта жаңғыртылады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 69%-дан 65%-ға, жылу жүйелерінің тозу деңгейі 46,9%-дан 39,8%-ға дейін төмендетіледі. 

«Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру бойынша да жоспар ауқымды. Мәселен, мектептердегі орын тапшылығы мен апатты мектеп мәселелерін шешу мақсатында аймақта 26 мектеп салынып, 4 мектепке қосымша құрылыс жүргізіледі. 17 мектепке күрделі жөндеу, және материалды-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр. 5 жылда 15 спорт, 32 медицина, 10 мәдениет нысаны салынады.   

Брифингті қорытындылаған партия филиалының төрағасы наурызбай Байқадамов Жол карта аймақты дамытудың жоспарлау құжаттарымен үндестірілгенін және қаржылық жағынан қамтамасыз етілгенін тілге тиек етіп, көздеген нәтижеге қол жеткізу үшін Жол картаны іске асыруға партияның аймақтағы барлық әлеуеті жұмылдырылатынын атап өтті.

7c5d3417-211b-45c3-8111-24937f5c7d19.jpg

Тағы да оқыңыз: