Kyzylorda-news.kz. Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалында ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының Төрағасы Айдос Иманбаев «Құқықтық көмек» жобасы аясында тақырыптық қабылдау өткізді.
Қабылдауға сонымен қатар Жеке сот орындаушылардың облыстық палатасының Төрағасы К. Десятниченко, жеке сот орындаушлыра және облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Н. Абдукаримов қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар сот шешімдерінің орындалу барысы мен ЖСО қызметі бойынша өтініштері мен шағымдарын ортаға салды. Сонымен қатар, атқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар аталып, жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Оның ішінде, алимент өндіру барысындағы қиындықтар, атап айтқанда, алимент төлеушінің жұмыссыз жүруі және меншігінде мүлік болмауы алимент өндіру жұмысын тежейтіні және төлем жасауына мәжбүрлеу шаралары нәтижесіз екені айтылды.
Қабылдау барысында аталған барлық мәселе бойынша құқықтық кеңес беріліп, әрбір жекелеген мәселені Төраға өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
А. Иманбаев тұрғындар атаған ұсыныстар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді талап ететінін айтып, жүйені жетілдіру жұмыстары жаңа қарқынмен жүргізілетінін жеткізді.
