Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Жалағаш ауданында жұмыс сапарымен болып, «Ұлт саулығы – AMANAT назарында» тақырыбымен ұйымдастырылған «Денсаулық керуені» акциясының жұмысына қатысты.
Іс-шара барысында Мәдениет ауылының тұрғындары білікті дәрігерлердің қабылдауында болып, медициналық тексеруден өткізілді. Мамандар азаматтардың денсаулық жағдайын бағалап, қажетті кеңестер беріп, аурулардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Облыстық филиал төрағасы акцияның өту барысымен танысып, тұрғындармен пікірлесіп, халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру - партияның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын жақсарту мен сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Сондықтан ауыл тұрғындарының білікті дәрігерлердің қабылдауынан өтуіне мүмкіндік беретін мұндай бастамалар өз жалғасын табуы тиіс. Халықтың денсаулығы – елдің басты байлығы», – деді Жандос Базартай.
«Денсаулық керуені» ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.
