Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясының облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай тұрғындарға жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында Қызылорда қаласы, Әл-Фараби мөлтек ауданындағы А.Төлебаев көшесінің тұрғындары ауыз су мәселесін көтерді. Аталған көшедегі 8 үй кешеден бері ауыз сусыз отырғанын, «Су жүйесі» мекемесінің қызметкерлері көшеден өтіп тұрған су құбырын кесіп кету салдарынан тұрғындарға қиындық туындағанын жеткізді.
Тұрғындар көшенің бойымен өтіп жатқан 300 қуаттағы негізгі су құбырына қайта қосып беру мәселесіне ықпал етуді сұрады.
Мәселе бойынша төраға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарымен тікелей байланысқа шығып, қалалық «Су жүйесі» мекемесінің жауапты мамандарына мәселені жедел әрі заң аясында шешу бағытында нақты тапсырмалар беруді ұсынды.
Қабылдау қорытындысы бойынша тұрғындарға қосымша жазбаша өтініш жолдау қажеттігі түсіндіріліп, көтерілген мәселе толық шешімін тапқанға дейін партияның облыстық филиалының бақылауында болатыны хабарланды.
