Kyzylorda-news.kz Облыстық мәслихаттағы "AMANAT" партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, комиссия төрағасы Балжан Шәменованың төрағалығымен мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен сала мамандары қатысып, «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы № 130 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.
Халық қалаулылары күн тәртібіне орай алдымен облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабекті тыңдады.Басқарма басшысы негізгі үнемделген қаржылар елді мекендерді газдандыру, жарықтандыру, құрылыс жұмыстары, яғни инфрақұрылымды дамытуға бағытталып жатқандығын жеткізді.
Хабарламадан соң, депутаттар бірқатар сұрақтар көтерді. Атап айтсақ, "AMANAT" фракциясының мүшесі Нұридин Әмитов Жаңақорған кентіндегі Қорасан ата көшесін күрделі жөндеуді аяқтауға қосымша қаржы қажеттілігі және Жаңақорған ауданындағы Аққұм елді мекенінің электр желісін жаңғырту,
Аида Абибуллаева облыстағы арнайы мектеп интернаттардың мұғалімдерінің жалақылары мен коммуналдық төлемдеріне қаржы қажеттілігі, жыл соңына дейін жетім баланы және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы күтіп-ұстауға қамқоршыларға ай сайынғы ақшалай шығындарын толық төлеу мәселесін, Балжан Шәменова жеке мектептерді қаржыландыру мәселесі, Жаңақорған ауданында бройлер өсіру бойынша құс фабрикасын газбен жабдықтаудың сыртқы желілерін салу жобасының құрылысы қанша пайызға аяқталып отырғандығы туралы, Әмірбек Шаймағамбетов Жаңадария елді мекеніндегі көшелерін күрделі жөндеу жобасын және Аққыр елді мекеніндегі 5 көшеге күрделі жөндеу жобасын толық аяқтауға, Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру үшін қаржы бөлінуін қарастыру, Жұмабек Ембергенов Шаған елді мекенін газдандыру мәселесіне және Қалжан Ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмысын толық аяқтауға қаржы бөлу қажеттілігі және т.б мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, депутаттар тарапынан бюджет қаржысы тиімді және нәтижелі жұмсалуы керектігі баса айтылды.
Атап өтейік, аталған мәселелер жауабын фракция мүшелері ертең 11 қараша күні өтетін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында толыққанды жауабын беруге шақырды.

