Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Мұрат Абенов Президент саябағын қайта жаңарту жұмысымен танысты.
Жаз мезгілінде қалалықтардың қалаулы демалыс алаңына айналған саябақта ендігі кезекте жаңа тынығу орындары, субұрқақтар көп болмақ. Сондай-ақ, аттракцион орнату да жоспарланған.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов пен қала әкімі Нұржан Ахатов Мәжілісменді құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды.
Бұған дейін саябақ аумағында өсіп тұрған 50 мыңнан аса түп ағаштардың бірқатарын қаланың өзге де аумақтарына қайта отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, қаланың орталық көшелерінде шырша ағаштары, декоротивті түптерді көптеп кездестіруге болады.
2007 жылдан бері алғаш рет жаңғырту жұмысынан өткен саябақ ел игілігіне табысталғаннан кейін онда «тұманды субұрқақ», «айналмалы доңғалақ», «тамақтану аумағы», «Амфитеатр», «балалар ойын алаңы», «балалар футбол алаңы», аттракцион алаңы, Скейт парк, Памп трек, футбол алаңы, Стритбол алаңы, Теннис корты, Баскетбол алаңы, Воркаут алаңы, Шахмат ойын алаңдары, велосипед жолы және т.б. жобалар қаралған. Сондай-ақ, алдағы уақытта саябақтың арғы аумағынан жаңа тұрғын үй кешендері бой көтермек. Қазірде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Айта кетейік, саябақтағы құрылыс жұмыстарының жалпы құны: 14 935 967,2 мың теңгені құрайды.