Kyzylorda-news.kz. 21 маусым күні «АMANAT» партиясының аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Оған партиялық бақылау комитетінің мүшелері Нұрлан Бақтияров, Мырзаш Бекбаев, Әсем Мерекова, Гүлжауһар Раева, Ғалым Ержанов, Бұлақ Сағымбаевтар қатысты.
Отырысқа «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дастан Буханов төрағалық етіп, жиынды жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сай үш мәселе қаралды. Алғашқысы – біршама жасқа жігер беріп, материалдық жағынан қолдау болған «Дипломмен ауылға» жобасының жүргізілу барысы. Бұл мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылық, жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсенкүл Есқалиева баяндама жасап, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Ауыл аманаты» жобасы. Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітілген еді. Ауыл тұрғындары жылдық 2,5% жеңілдікпен қарыз алу, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек ала алады. Осы бағдарлама аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба осыдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысында қанатқақты режимде жүзеге асырыла бастаған еді. Бұл жобаның ауданда жүргізілу барысы жайында аудандық ауыл шаруашылық, жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсенкүл Есқалиева мен аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Біржан Өмірзақов мәлімет берді.
Ал отырыста қаралған соңғы мәселе азық-түлік бағасының мониторингі болды. Бұл үнемі күн тәртібінен түспейтін тақырыптың бірі. Халық көп тұтынатын 19 түрлі тауардың шекті бағасы мен аудан дүкендеріндегі бағалар салыстырмалы түрде бағаланып, сарапқа салынды. Дүкендерді аралау барысында байқалған артықшылықтар мен кемшіліктер жайлы аудандық ауыл шаруашылық, жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі айтып өтті.
Жиын соңында хабарламаларға байланысты бірқатар ұсыныс-пікір айтылып, хаттамаға енді. Мұндай берері мол жобалар тиімді жүзеге асса, еліміздің әл-ауқаты жақсарып, ауыл ажарлана бермек.