Kyzylorda-news.kz Ақтау және Астана қалаларында «AMANAT» партиясының қызметкерлері мен белсенділері «Баку-Грозный» бағытындағы ұшақ апатында қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, зардап шеккен адамдарға қажет қан тапсыруда.
Партиялықтар Астана қаласында Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Eлшілігі және Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы ғимараттарына жиналып, гүл шоқтарын қоюда.
«Ұшақ апатының салдарынан бауырлас Әзербайжан елінің азаматтары қаза болғандығы туралы қайғылы хабарды күйзеле қабылдадық. «AMANAT» партиясы және жеке өз атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Әзербайжан халқына қайғыра көңіл айтамыз. Қазақ пен Әзербайжан халықтары ежелден бір-бірінің қуанышына сүйінген, қайғысына күйінген тағдыры да, табиғаты да ортақ бауырлас елдер. Бұл қайғы бәрімізге ортақ. Алла өткендерге иман, қалған ел-жұртқа сабыр мен береке берсін! Марқұмдардың жандары жәннатта болсын!», - деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Мухаммед Болысбек.
Ақтау қаласында да партияластар мен жас белсеңділер Әзірбайжан Республикасының Бас консулдығы ғимараттарына жиналып, қаза тапқан жандардың рухына тағзым.
«Апат айтып келмейді. Ұшақ апатында туыстары мен жақындарынан айырылған адамдардың орны толмас ауыр қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз. Сын сағатта «AMANAT» партиясы жарым көңіл жандардың қасынан табылып, қолдан келгенше қолдау көрсетуде. Бүгін партияластарымыз марқұмдардың рухына тағзым етіп қана қоймай, зардап шеккен жандарға қажет қан тапсыруда. Барша азаматтың тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Еске сала кетейік, бүгін Ақтау қаласының маңында «Баку-Грозный» бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ, Үкімет қаулысымен ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.