Kyzylorda-news.kz. Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшелері халық тұтынатын аса қажетті тауарлар бағаларының тұрақтылығы, сапасы мен қолжетімділігіне бағамдау жұмыстарын жүргізді.
Топ мүшелері қала орталығында орналасқан ірі сауда орталықтары мен дәріханаларда болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг барысында кейбір сауда орындарында пияз, картоп бағасы бұрынғыдан төмендегіні байқалса, кейбір жерлерде нан бағасының қымбаттауына орай ескерту жасалды. Сондай-ақ дәріханаларда тұрғындар жиі тұтынатын дәрі-дәрмектер бағасы тұрақты әрі қоры жеткілікті екені анықталды.
Бұл жұмыстар апта сайын тұрақты түрде жалғасатын болады.
Айта кетейік, бұған дейін мониторингтік топ мүшелері «Тағзым алаңы» маңайында орналасқан әлеуметтік дәріханада болды.
Топ мүшелерінің айтуынша, адамдар аз шоғырланатын аймақта елеусіз орналасқан дәріханада дәрілік заттар бағасы едәуір төмен. Сонымен қатар онда дәрілік заттар зейнеткерлерге тағы да 5 пайыз жеңілдіктер ұсынады. Сондай-ақ жас шамасына қарамастан барлық келушілер сауда жасаған сәттен ұялы телефон нөмерін тіркеу арқылы әр саудадан бонус жинақтайды және жинақталған бонусқа дәрілік заттар ала алады.

