Kyzylorda-news.kz Байқоңыр қаласында арнайы іс –сапарда болған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жасөспірімдер арасында республикалық бокс турнирінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Төраға жас спортшыларға сәттілік тілеп, спорттық шараларды қолдаудың партия жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бұл спорттық жарыс соңғы үш жыл қатарынан «AMANAT» партиясының қолдауымен тұрақты түрде өткізіліп, жас спортшылар үшін дәстүрлі алаңға айналып отыр. Мемлекетімізде бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта партия да жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Партиялық бағдарламалар мен жобаларда жастар саясатын дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және бұқаралық спортты қолдау басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. «AMANAT» партиясы әрдайым жастардың жан-жақты дамуына, спортпен тұрақты айналысуына және өз қабілеттерін толық жүзеге асыруына қолдау білдіріп келеді. Осындай турнирлер арқылы партия жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге өз үлесін қосуда», – деді Жандос Базартай.
Спорттық додаға еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық жас спортшы қатысуда. Ашылу рәсімінде қатысушы командалар мен төрешілер таныстырылып, арнайы көрсетілімдік жекпе-жек ұйымдастырылды. Жекпе-жек жеңімпазы республикалық турнирдің арнайы белбеуімен марапатталды.
Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, жасөспірімдердің таланты мен табандылығын шыңдайтын, олардың денсаулығы мен рухани дамуына серпін беретін маңызды шара болып табылады.
Партияның қолдауымен осындай дәстүрлі іс-шаралар жастарға өз мүмкіндіктерін толық ашуға мүмкіндік береді және болашақ чемпиондарды дайындауға жол ашып отыр.

