Kyzylorda-news.kz.  Партиялық бақылау бекеттері өз жұмысын белсенді жалғастыруда. Партиялықтар ауданға қарасты Ақжар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның салыну барысын тексерді. Құрылыс биыл шілде айында басталды. Мердігер компания өкілдері жұмысты қазан айында толық аяқтаймыз деп отыр.

«Осы нысанға біз партиялық бақылау бекетін аштық. Бұл бақылау бекеті құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақтылы берілуін бақылауға алады. Осылайша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына жүйелі бақылау күшейеді», – дейді аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Бақтияров.

Бүгінде Қармақшы ауданында барлығы 5 партиялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Айта кетейік, «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында аудан аумағында салынып жатқан нысандарда партиялық бақылау бекеттері ашылып жатыр. Әрбір нысанда шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері көрсетілген техникалық паспортқа ұқсас тақтайша орнатылады. Жұртшылықты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді.

Тағы да оқыңыз: