Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына партиялық бақылау жасалды.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері білім беру нысанындағы жөндеу жұмыстары басталғаннан бері бірнеше рет партиялық бақылау іс-шаралары ұйымдастырылғанын айтып, нысан құрылысы ауыл халқы үшін өте маңызды екенін айтты.
– Бұл ауыл халқы, оқушылар көптен күткен жұмыс. Мектептің күрделі жөндеуден өткізілуі, оған облыстық бюджеттен қажетті қаржының бөлінуі, депутаттық фракцияның қолдау білдіруі – бірлесе атқарылған жұмыстардың жемісі. Ендігі кезекте жаңа оқу жылында балалар жайлы, қолайлы, жаңа заман талаптарына сай сыныптарда білім алуы керек. Сондықтан белгіленген жұмысты барынша ертерек аяқтап, нысанды ел игілігіне табыстағанымыз дұрыс, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракцияның мүшесі Марат Бакуов пен «С.Сейфуллин» БПҰ төрағасы Қайрат Есекеев құрылыстың сапалы жүргізілуі қатаң бақылауда екенін айтып, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттары, аудан әкімі, салалық басқармалар мен бөлімдер тарапынан бақылау жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар нысан пайдалануға берілгенде ауданның білім саласындағы жаңа ғимараттардың саны артатынын жеткізді. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына жасалған үлкен қолдау болмақ.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мердігер мекеме өкілдерімен, мектеп дирекциясымен бірге нысанды аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.

