Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың жұмыс сапары Жалағаш ауданында жалғасты. Төраға алдымен партияның аудандық филиалының қызметімен танысты.
Төраға партия филиалының техникалық базасы, материалдық жабдықталуы және қызметтік жағдайын зерделеді. Партия жұмысының тиімділігін арттыруда техникалық қамтамасыз ету мен кеңсе мүмкіндіктерінің маңыздылығы зор екені айтылып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар оң бағаланды.
Сонымен қатар, аппарат қызметкерлерімен жүздесіп, олармен ашық пікір алмасу жүргізілді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы, партиялық жобалардың жүйелі жүзеге асуы, қоғамдық қабылдаулар мен халықпен кері байланысты күшейту төңірегінде әңгімелесу болды.
Облыстық филиал төрағасы Жалағаш ауданындағы партия жұмысын оң бағалап, алдағы кезеңде де жүйелі жұмыс пен нақты нәтижелерге қол жеткізу бағытында белсенділік сақталуы қажеттігін атап өтті.
