Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Сырдария ауданында болды. Төраға ең алдымен аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен кездесіп, ауданда партияның жобалары мен сайлауалды бағдарламасының орындалуы және жақында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Президент жүктеген міндеттерді іске асыру мәселелерін талқылады.
«AMANAT» партиясынан аудан әкімдігіне ұсынылып, халықтың сенімі мен қолдауына ие болып, жеңіске жеткен аудан басшысы Берік Сәрменбаев партияның сайлауалды бағдарламасының аудан көлемінде орындалу деңгейі туралы кеңінен ақпарат берді.
– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының ауданда орындалуы жіті бақылауда. 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасының Сырдария ауданына жүктелген міндеттеріне 2025 жылға барлығы 48 шара белгіленген. Бүгінгі күнге 48 шараның 38-і орындалды, 10-і орындалу үстінде. Біз жетекші партияның сайлауалды бағдарламасын ауданда толық жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыра береміз. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда. Партиялық жобалар аясында да түрлі бағытта мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жол картасы аясында ағымдағы жылы Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына облыстық бюджеттен 661,4 млн теңге бөлініп, елді мекен табиғи газден қамтамасыз етілді. Ауданда электр желілерін тозу деңгейін 68 пайызға дейін түсіру межеленген. Бұл бағытта 2024 жылы Шаған ауылын электр желілерімен жабдықтау жұмыстары толық аяқталса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 490,5 млн теңгені құрайтын Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жүзеге асуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Келелі кездесу барысында төраға Жандос Базартай партияның мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар аудандық филиал тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары мен сайлауалды бағдарламаның негізгі басым бағыттары туралы атап айтты.
Сондай-ақ, партия төрағасы Сырдария ауданына сапары барысында аудан жастарымен кездесу өткізді.
Алдымен төраға «Руханият» орталығымен танысып, тарихи-өлкетану музейін, архив мекемесін, үкіметтік емес ұйымдар жұмысын көрді. Сонымен қатар «Кітап – AMANAT» партиялық жобасы аясында әзірленген кітап көрмесімен танысты. Мұнан соң аудандық жастар ресурстық орталығында жастармен кездесіп, олардың ой-пікірін тыңдап, пікірлесті.
– Санасы сергек, ойы озық, рухы биік ұрпақ – мемлекеттің басты байлығы. Бүгінгі жастар тек технологиямен емес, ұлттық мәдениетпен де сусындауы тиіс. Домбыраның үні мен Абайдың сөзі жүректеріңізде жаңғырып тұрса, онда сіздер елдің шын патриот азаматысыз. Сіздер тек ертеңнің емес, бүгінгі күннің белсенді, креативті тірегісіздер. Армандаудан қорықпаңыздар, ал өнер мен мәдениетті қадірлеуден, бос уақытты тиімді пайдаланып, Отанымыздың дамуына үлес қосудан ешқашан жалықпаңыздар, – деді төраға Жандос Базартай.
Кездесуде аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, «Жастар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Н.Сейтжан, ерікті жас М.Сейілханов сөз сөйлеп, өздерінің атқарып жатқан жұмысы мен алдағы жоспарлары туралы айтты.
