Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен онлайн жиын өтіп, онда партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, Қызылорда қалалық және Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Байқоңыр аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Жиынға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов, партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Ержан Искендер және бөлім басшылары қатысты.

Жиын барысында партияның «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы, қоғамдық қабылдауға тұрғындардан келіп түскен өтініштердің шешілуі, депутаттық фракциялар жұмыстарына ерекше мән берілді.

Жалпы өңірде партияның 207 бастауыш партия ұйымдарына топтасқан 47 мыңнан астам мүшесі бар. Аймақтағы 9 партия филиалдары мен жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыстар нәтижесінде партиялық жобалар мен сайлауалды бағдарламада көзделген іс-шаралар сәтті жүзеге асып келеді.

Атап айтсақ, өткен жылы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картадағы жоспарланған 116 іс-шараның 90,5 пайызы орындалды. Ағымдағы жылға жоспарланған 110 іс-шараның 15,5% орындалса, 81,8%-ы орындалуда.

Партияның айнасы болып табылатын қоғамдық қабылдау бөлмелеріне үстіміздегі жылдың 6 айында тұрғындардан 4136 өтініш тіркеліп, оның 2708-і (65,4%) бойынша оң шешім қабылданған. 1372 өтініш иесіне қолданыстағы заңнамалар аясында нақты кеңестер берілген. 56 өтініш бойынша жұмыс жасалуда.

Ағымдағы жылдың 6 айында партия жанындағы түрлі бағыттағы кеңестердің 85, мәслихаттардағы фракцияның 30 отырысы өткізіліп, қорытындысымен 547 ұсыныс, фракция мүшелерімен тиісті органдарға 772 депутаттық сауал жолданған.

Жиынды қорыта келе партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев жалпы аймақтық және аумақтық филиалдармен атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы міндеттер бойынша нақты тапсырмалар берді.

Аманат аймақтық филиал есебі 2.jpg

Тағы да оқыңыз: