Kyzylorda-news.kz 17 қараша – Халықаралық студенттер күні мерекесіне орай бүгін “AMANAT” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова белсенді студенттермен арнайы кездесу өткізді. Іс - шараға «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асетхан Баймырза қатысты.
Кездесуде атқарушы хатшы жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруы және білім саласындағы жетістіктері үшін алғыс білдірді. Ол студенттердің елдің дамуындағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, жастар саясатын жетілдіру бағытында партия тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, бүгінгі күні мемлекет, партия тарапынан жастарды қолдауға бағытталған жұмыстарды жеткізді.
Сондай-ақ іс-шара барысында қоғамдық жобаларға, партияның «Жастар рухы» жатар қанатының құрамында волонтерлік қызметке және партиялық бастамаларға белсенді атсалысып, өз қатарластарынан оза шауып жүрген бірқатар белсенді студент жастарға Алғыс хат табыстады. Марапат алған жастар ел болашағы жолында еңбек етіп, білімдерін жетілдіруге және жаңа жобаларды іске асыруға ынталы екендіктерін атап өтті.
Кездесу еркін форматта өтті, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Атқарушы хатшы жастардың пікірлері мен бастамалары партия жұмысында ескерілетінін айтты.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыру, олардың бастамаларын қолдау және жастармен ашық диалог орнату.
