Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында Әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Сатыбалдиев Марат Қуанбайұлының жүлдесіне арналған тас жолдағы велоспорттан 25–29 сәуір күндері 15–16 жас аралығындағы жасөспірім ұлдар арасында өтетін республикалық веложарыстың ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубының базасында ұйымдастырылып, оған еліміздің тоғыз өңірінен келген 110 жас спортшы қатысуда.
Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан “AMANAT” партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысушыларға сәттілік тілеп, партияның бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Бүгінде «AMANAT» партиясы елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Өңірлерде спорт инфрақұрылымын жаңғырту, ауылдық жерлерде спорт нысандарын көбейту, жастардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау-біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осындай жарыстар жас спортшыларға үлкен мүмкіндік беріп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашады,” – деді ол.
Жарыс алдағы күндері жалғасып, спортшылар түрлі қашықтықтар бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады. Бұл дода жас спортшылар үшін тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді.

