Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова бастаған партия филиалы жанындағы мобильді топ өкілдері Қармақшы ауданына қарасты Иіркөл және Төребай би  ауылдарында болып, халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді. 

Жалпы 2 елді мекенде ұйымдастырылған мобильді қабылдауға 30-қа жуық тұрғын келді. Өтініштердің басым бөлігі жол, жарықтандыру, газдандыру, денсаулық, білім, спорт, несие алу жолдары саласына қатысты болды.

Мәселен, Иіркөл ауылының тұрғыны, Изжанова Айгерім ауылға газ кіргізіп беру жөнінде мәселе көтерді.

«Ауылда от жағу мәселесі қиындап келеді. Бүгін «АМАNAT» партиясының мобильді тобы азаматтарды қабылдап жатыр. Партияның қолдауымен газ мәселесі шешімін табады деген үмітіміз бар» - деді Айгерім.

Ал, Төребай би ауылының тұрғыны Мұрат Жұмабаев ауылға жаңадан клуб салып беру жөнінде сауалын қойып, мәселенің шешілуіне ықпал жасауды сұрады.

Қабылдау барысында ауыл тұрғындары тек жеке бастың емес, жалпы ауылдың проблемаларын айтқаны қуантады. Мобильді топ өкілдері қабылдауда көтерілген әрбір мәселені назарға алып, тиісті жұмыстар атқарылатынын және мәселе шешімін тапқанша «AMANAT» партиясының бақылауында болатындығын жеткізді.

Атап өтейік, 2022-2023 жылдары облыс көлемінде шалғай елді мекендерде 763 тұрғынның қамтылуымен 51 мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Оларда көтерілген 370 өтініш бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. 316 сұрақ бойынша түсіндірме, заңнама аясында кеңес беру жұмыстары жүргізілді. 77 мәселе қаржылық қолдауды талап етуіне байланысты кезең-кезеңімен  жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылы мұндай көшпелі мобильді қабылдаулар жыл соңына дейін облыстың шалғай жатқан 14 елді мекенінде ұйымдастырылмақ. 

Тағы да оқыңыз: