Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданында «AMANAT» партиясының белсенділері «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырды.
Іс-шара мәдени және тарихи маңызы бар нысандарды қорғау, оларды таза әрі ұқыпты ұстау, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында өткізілді.
Акцияға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, Қалжан ахун ауылының әкімі Мақсұт Қаратаев, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партия белсенділері қатысты. Жалпы саны 30-дан астам азамат ортақ іске атсалысты.
«AMANAT» партиясы мәдени және тарихи орындарды сақтау, оларды таза ұстау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мұндай нысандар – халқымыздың рухани мұрасы. «Таза бейсенбі» акциясы арқылы біз тек аумақты тазалап қана қоймай, қоғамда киелі және тарихи орындарға деген құрметті қалыптастыруды көздейміз. Әр акция сайын тұрғындардың белсенді қатысуы мен қоғамдық сананың өсіп келе жатқаны бізді қатты қуантады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады, – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Акция аясында еріктілер «Қалжан ахун» мешіт-медресесінің аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

