Kyzylorda-news.kz 2026 жылдың 29 мамырында «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалында партия филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаеваның қатысуымен партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.
Жиында қаладағы медициналық қызметтің сапасы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Динара Сарманова медицина саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Соңғы бес жылда Қызылорда қаласы тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 69,26 жастан 74,96 жасқа дейін өсті. Сонымен қатар, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 14,7%-ға, ал туберкулезден болатын өлім-жітім 20%-ға төмендеді. Медициналық қызмет сапасына тұрғындардың қанағаттану деңгейі 2025 жылы 60,4%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артты. Қазіргі таңда қалада 300 орындық көпбейінді аурухана мен №5 қалалық емхананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2026 жылға арналған басты мақсат – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігін арттыру және кадрлық тапшылықты азайту болып қала береді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша білім бөлімінің өкілі Нұрқанат Амантаев жазғы маусымға дайындық жайын баяндады. Биылғы жазғы демалыс кезінде оқушылардың 98,5%-ын немесе 70 802 баланы сауықтыру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде 7230 бала мектеп жанындағы 61 лагерьде тынығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 54 млн 740 мың теңге қаражат бөлінді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі ретінде айқындалды.
Отырыс соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданып, комиссия мүшелері өз ұсыныстарын жеткізді. «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы мен комиссия мүшелері қатысқан жиын қорытындыланып, партиялық бақылау жұмысы жалғасатыны мәлімделді.
