Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері №3 қалалық емханада болып, емханаға қарасты аумақ тұрғындарының қажетті дәрі-дәрмектермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуі мен емхананың жабдықталуына партиялық мониторинг жасады. Іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, жауапты сала мамандары қатысты. 

Атап өту керек, «AMANAT» партиясының 2023-2027 ж.ж. арналған Сайлауалды бағдарламасында азаматтардың медициналық көмекке қол жетімділігін арттыру қаралған. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар салу, медицина мамандарының тапшылығын болдырмау, сонымен бірге халықтың қажетті дәрі- дәрмекпен қамтамасыз етілуі де арнайы қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда өңірде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ГОБМП) бойынша 7,4 млрд теңгені, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) бойынша 1,4 млрд теңгені құрайтын дәрі дәрмек бар. Жеткізуші тараптан қазіргі уақытта әлі де ГОБМП бойынша 436 млн теңгеге, ОСМС бойынша 145 млн теңгеге арналған түпкілікті өтінім позициялары күтілуде.

«Осы ақпан айында ГОБМП бойынша 584 млн теңгеге, ОСМС бойынша 248 млн теңгеге қосымша өтінім жасалып, қажетті дәрі-дәрмектер жинағы тиісті органға ұсынылған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай дистрибьютер болып табылатын «СК-Фармация» арқылы 2,6 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді»,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімінің маманы Баянсұлу Мамакова.

Мониторинг барысында №3 қалалық емханада қажетті дәрі – дәрмектердің жеткілікті және талап сай сақталып жабдықталуы анықталды.

Емхананың бас дәрігері Жанат Қожарипова тұтынушылар «eGov mobile» мобильді қолданбасындағы «e-Densaulyq» сервисі арқылы QR-код көрсетіп, дәрі-дәрмекті ала алатындығын айтады.

«Бұл сервис пациенттерге дәрі-дәрмекті қағаз құжатын көрсетпей-ақ, рецепті бойынша алуға мүмкіндік береді. Яғни, науқастың сәйкестендіру QR коды арқылы жүзеге асырылады және медициналық көмектің ашықтығын қамтамасыз етіп, жалған позитив жағдайларды азайтады. Сонымен бірге, дәріханалар үшін рецепттерді тезірек және дәлірек өңдеуге, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың күту уақытын қысқартады»,-дейді Жанат Қожарипова. 

Бүгінгі күні облыстағы емдеу ұйымдарында 43 546 науқасқа 72 219 рецепті жазылып, 695,5 млн теңгеге дәрілік заттарға игерілу жұмыстары жасалған.

Мониторингтік топ мүшелері жұмысты жетілдіру, қаражаттың мақсатты жұмсалуы, халыққа қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмау бағытында өз ұсыныстарын айтты.

WhatsApp Image 2025-02-12 at 16.16.17.jpeg

Фото: “AMANAT” партиясы Қызылорда облыстық филиалы

Тағы да оқыңыз: