Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Бизнес өкілдерімен өткен отырысқа кеңестің тең төрағалары партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, тиісті басқармалардың басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және қаржы ұйымдары мен кәсіпкерлерге сүйемелдеу қызметтерін көрсететін ұйымдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Zoom» платформасы арқылы партияның орталық аппаратының өкілдері мен кәсіпкерлер онлайн қосылды.

Өңірлік кеңес отырысында кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларды іске асыру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділік, сондай-ақ бизнесті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік мәселелерді шешу бағытындағы өзекті ұсыныстары қаралды.

«Бұл кеңес өңірдегі бизнес-ортаны дамыту және мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері бойынша «AMANAT» партиясы мен облыстық атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимыл алаңы болып табылады. Біз кәсіпкерлердің пікірін ескеруге, олардың мәселелеріне жедел әрекет етуге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерге сай отандық бизнесті тұрақты дамытуға күш саламыз.  Осы ретте үйлестіру кеңесінің жұмысы ерекше маңызды. Өңір экономикасының орнықты дамуының басты факторы – мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді өзара іс-қимыл болып табылады», -деді төраға  Жандос Базартай.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев үйлестіру кеңесі кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастырудағы маңызды алаң екенін жеткізді. Ол кеңес шеңберінде кәсіпкерлерді алаңдататын өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдауға болатынын атап өтті.

Отырыста кәсіпкерлер тарапынан 8 мәселе көтеріліп, жауапты басқармаларға шешілу жолдарын қарастыру жайында тапсырмалар берілді.

Айта кету керек, кеңестің негізгі мақсаты – бизнес қауымдастықпен тығыз байланыс орнатып, кәсіпкерлердің мәселелерін уақтылы шешуге ықпал ету.

Жиын қорытындысы бойынша хаттама әзірленіп, жауапты орындаушыларға жолданады және орындалуы бақылауда болады.

Тағы да оқыңыз: