Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қойған сауалдарына жауап берді.
Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар әлеуметтік мәселелер бойынша өтініш-тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, қала аумағындағы тұрғын үйлерге кәріз жүйесін жүргізу, инфрақұрылымды жақсарту мәселесі көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, кейбір көпқабатты үйлерде орталық кәріз жүйесінің жоқтығы қолайсыздық туғызуда.
Сонымен қатар, 2026 жыл – Халықаралық волонтерлер жылы аясында өңірде жүзеге асырылатын жобаларға қатысты сұрақтар қойылды. Азаматтар облыс көлемінде қандай бастамалар қолға алынатынына қызығушылық танытты.
Филиал төрағасы көтерілген әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндірме берді. Атап айтқанда, инфрақұрылым мәселесіне байланысты жауапты мекемелерге және қалалық әкімдікке ұсыныс хат жолданатынын жеткізді. Ал волонтерлік бастамалар бойынша өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылатыны, оның ішінде еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған шаралар жоспарланғаны айтылды.
Барлық мәселелер партиялық бақылауға алынып, олардың оң шешім табуына ықпал ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
