Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау тобы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылы мен Талаптан ауылдық округіне қарасты Бала би ауылында болып, жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Көшпелі қоғамдық қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысып, арнайы келген мобильді топ мүшелерін таныстырды. Сонымен қатар, партия жүзеге асырып жатқан жобалар мен мобильді қоғамдық қабылдаудың маңызына тоқталып өтті.

«Көшпелі қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – ауыл тұрғындарымен тікелей кездесіп, олардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдау, түйткілді түйіндердің шешілуіне ықпал ету. Осындай қабылдаулар арқылы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың талап-тілектеріне жедел назар аударуға мүмкіндік туады. Біздің басты міндетіміз - халықпен етене араласып, олардың мәселесіне бейжай қарамау. Әрбір тұрғынның өтініші назарға алынып, тиісті мемлекеттік органдармен және жауапты мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Мобильді қабылдау - ел ішіндегі нақты проблемаларды көзбен көріп, тұрғындардың пікірін тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін тиімді алаң» деді Жандос Базартай.

Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, инфрақұрылым, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, жер мәселелері, жол жөндеу, жаңа балабақша салу, несие және «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Мобильді топ мүшелері әрбір азаматтың мәселесіне жеке тоқталып, заң аясында кеңестер беріп, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамадағы өзгерістер жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті құқықтық және консультативтік көмек көрсетілді.

Жалпы, Бәйгеқұм және Бала би ауылдарында өткен мобильді қабылдауға 80-нен астам тұрғын қатысып, өз өтініштері мен ұсыныстарын білдірді. Ауыл тұрғындары мұндай көшпелі кездесулер шалғай елді мекендердегі мәселелерді дер кезінде көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал ететінін атап өтті.

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың талап-тілектерін назарға алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек.

Тағы да оқыңыз: