Kyzylorda-news.kz. Апта басында Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық Кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда өңірдегі жедел – жәрдем станциясының материалдық – техникалық жағдайын жақсарту, мамандардың тапшылығын жою, сонымен қатар үш ауысымды, апатты жағдайдағы білім беру нысандарының мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен арнайы және мектеп-интернаттарында оқитын балалардың оқуы мен тұруына жасалған жағдайлар пысықталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерділдә Нұртазаұлының айтуынша биылдан бастап аймақтық коэффициент мүлдем алынып тасталып, станса өзінің қызметін толық атқарғанымен тарифтің өте төмендігінің салдарынан қаралған қаражатты толық ала алмау кездесуде. Қазіргі таңда, мамыр айының жалақысы төленгенімен сәуір айынан бері міндетті салықтық төлемдері мен жарналары төленбей келеді. Бүгінгі күні қызметкерлерге шілде, тамыз айларының жалақысын төлеу мәселесі қиындық тудырып отыр. Мәселені шешу үшін Кеңес мүшелері тарапынан ортақ ұсыныстар жинақталып, тиісті органдарға жолданды. 

Ал апатты және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған. 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарланып отыр.
***
Жұмыс аптасының сейсенбісінде партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов аймақ басшысымен бірге елді мекендерді абаттандыру мен дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймақта алғаш рет ұйымдастырылған «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау шарасына қатысты.
Шара барасында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығы мен Сайлауалды бағдарлама аясында атқарылып жатқан жобалар төңірегінде айтылды. 
***
Сонымен қатар филиал төрағасы партияның Қазалы аудандық филиалының кезектен тыс XLII конференциясына қатысты. Конференцияда партияның аудандық филиалының жаңа төрағасы сайланып, партия филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Партияның аудандық филиалының төрағасы болып конференция бір ауыздан Әліш Ғазиз Әлмәмбетұлын сайлады.
Жиын барысында а.ж. 6 тамызында өтетін Шәкен ауылдық округі әкімінің сайлауына партия атынан үміткер ұсынылды. 
***
Аптада партияның Қармақшы аудандық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш ұйымдар арасында спорттың бірнеше түрлерінен сайыс өтті. Спорттық додаға футболдан 14 команда, үстел теннисінен 9 команда қатысты. Партия ардагерлері де назардан тыс қалмады. Олар «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында шахматтан бақ сынасты.
***
Апта барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Баимбетов партияның облыстық филиалы алаңында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келушілер «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы қарастырылатын жеңілдіктер, шаруа қожалықтарындағы ірі қара мал басына бөлінетін субсидиялар және ем алу шараларына байланысты әлеуметтік көмек көрсету жайындағы мәселелерді қозғады. Қабылдау барысында барлық азаматтарға нақты кеңестер берілді. 
Сондай-ақ қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Бітім» медиация орталығының кәсіби медиаторы, заңгер Қыдырбек Рашовтың қатысуымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында арнайы тақырыптық қабылдау өтіп, азаматтар тегін заңнамалық кеңестер алды.
***
Партияның облыстық филиалы жанындағы «Jastar ruhy» жастар қанаты Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркінде «Жастарға жұмыс» тақырыбында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. 
Шараға 20-дан астам жұмыс беруші мекемелер қатысып,150-ге жуық жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңкеге жалпы келгендер 192 азамат болса, оның ішінде кеңес алушылар 52, сұхбаттасуға жолдама алғандар 27, тікелей жұмысқа орналасуға 18, маусымдық жұмысқа 7 азамат жолдама алды. Келушілердің сұранысына сәйкес аталмыш бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. 
***
Жалпы апта көлемінде аймақтық және аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарында түрлі бағыттарда қоғамдық-саяси 51 іс-шара ұйымдастырылды.

Тағы да оқыңыз: