Kyzylorda-news.kz  «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Шиелі ауданына сапары барысында «AMANAT AI ToT» жобасы аясында ұйымдастырылған семинар-тренинг қатысушыларымен кездесті.

Іс-шара өңір жастарының цифрлық сауаттылығын арттыруға және жасанды интеллект бағытындағы білімін жетілдіруге арналды.

Кездесу барысында Жандос Базартай цифрландырудың қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталып, жасанды интеллекттің тек ІТ саласы үшін ғана емес, барлық бағыттағы мамандар үшін маңызды құралға айналғанын атап өтті.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар жасанды интеллект негіздерімен танысып қана қоймай, нейрожелілерді қолдану тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар алған білімдерін өз өңірлеріндегі жастарға тиімді әрі түсінікті форматта жеткізу жолдарын үйренді. Бұл өз кезегінде жергілікті деңгейде цифрлық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.

Жоба аясында қатысушыларға цифрлық контент әзірлеу, мәтін жазу, сурет пен презентация генерациялау бойынша практикалық дағдылар үйретілді. Мұндай бастамалар өңір жастарының инновациялық әлеуетін арттырып, олардың жаңа технологияларға бейімделуіне жол ашады.

Сонымен қатар Жандос Нұртайұлы Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханасында болып, «Кітап-AMANAT» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Сапар барысында кітапхана ұжымы жобаның жүзеге асырылу барысы, оқырман мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар және кітап қорын жаңарту жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға арналған мәдени-танымдық жобалар таныстырылды.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай «Кітап-AMANAT» жобасының жастардың рухани дамуына, білім деңгейін көтеруге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосып отырған үлесіне тоқталды. Ол кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қоғам дамуының маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: