Kyzylorda-news.kz.  Қазақ: «Адамның күні – адаммен», – дейді. Бұл – бір-біріңе үнемі көмек қолыңды соз, бірлесе еңбек ет, өзара ынтымақта бол деген аталы сөз. Ал оның бастауы «адамгершілік» деген ұғымда жатыр. Халықтық дүниетанымда адамгершілік дегеніміз – адамды қадірлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілдік, әділдік, қанағатшылдық т.б.. Ата-бабаларымыз өзінің тұрмыс-тіршілігінде осы қағидаларды берік ұстанып, оны үнемі ұрпағының құлағына құйып, санасына сіңіре білген.

Сондықтан да бұлар ұлы дала адамдарының ұлттық болмысы мен мінез-құлқын қалыптастырып, өмір сүру салтына, басты заңдылығына айналған.

Адамгершіліктің осы аталған қағидалары қазақ қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси дамуының жемісі екендігін көрсетеді.

Бұл қағидаттарды туғызған және ұстанған халық ешқашан біреуге жалтақтамай, біреудің ала жібін аттамай әр уақытта тәуелсіз өмір сүрген, өзінің ұлылығын мойындата білген. Соның бір айғағы – кешегі зұлмат жылдарда талай жұрттың баласын бауырына басып, қамқорлығына алуы, қонақжайлық көрсетуі. Міне, қазақ халқының осы дархан мінезі мен қасиет тұтатын адамгершілігіне бүгін алғыс айтатын күн туды. Бұл елімізде арнайы мереке күні ретінде 1 наурызға белгіленді. Бұл – тағдыр тәлкегімен елімізге еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің қазақтың өз даласындай дархан көңіліне, қонақжайлығына, ең бастысы – оның адамгершілігіне рақметін айтып, тағызым ететін күні. Қазақ ұлтына мың алғыс жаудыратын күні. Меніңше, бұл мерекені адамдардың басқа қарым-қатынастарымен (мысалы, ата-анасына алғыс айту, ұстазына, шәкіртіне, досына т.б.) шатастырмау да, алмастырмау да керек. Ондай алғысты адамдар бір-біріне күн де айтса да артық емес. Ал бұл мерекеге саяси-қоғамдық, әлеуметтік-рухани мән берілгені жөн. Өйткені бұл мереке елімізде тұратын барлық өзге этностардың ел иесі, жер иесі қазаққа деген құрметін арттырып, бейбітшілікте, бірлікте қатар өмір сүруді үйретеді.

Аман Мәделханұлы АБАСИЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры

Тағы да оқыңыз: