Kyzylorda-news.kz   Қазіргі қоғам талай тарланды тарихтың көнерген парақтарынан аршып алып жатыр. Соның бірі һәм бірегейі – әрі әдебиетші-публицист, әрі көрнекті ғалым – академик Мұхамеджан Қожасбайұлы Қаратаев десек, жаңылыс айтқанымыз емес. Дей тұрғанмен, өмірден өткеніне  31 жыл өтсе де, тарихи тұлғаның есімі өз тұғырына қонбай келе жатқаны қынжылтады.

Қазақ әдебиеті үшін ғана емес, тұтас Түркі әлемі үшін, қала берді, рухани философияға ден қойған әлем елдері үшін абайтану ілімі, Абай әлемі әрқашан бағалы, әрқашан қымбат. Осы тұрғыдағы кәсіби зерттеулер мен ғылымның жаңа бір саласына тұнықтан тін тартатын көлемді мақалалардың М.Қаратаевтың қаламынан туғанын кейінгі ұрпақ біле ме екен?!!

Тарқатып айтайын:

1910 жылдың 27-ші желтоқсанында Қызылорда облысы, сол кездегі Сырдария ауданы, Телікөл ауылында туған әдебиеттанушы-сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Мұхамеджан Қожасбайұлы – әуелгі жоғарғы білімін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ институтында алып, кейін Ленинградта аспирантурада білімін жалғастырған, онда әдебиет теориясы мен сыны бойынша маманданып, Абай шығармашылығын кеңестік кезеңдегі әдеби процестің аясында ғана емес, жалпы қазақ руханияты мен әлем әдебиетінің контекстінде қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі. Оған дәлел - сыншының 1937 жылы «Абай және Пушкин» атты көрнекті мақаласы еді. Оның 1958 жылы жарияланған «Ұлы Абай» атты көлемді публицистикалық еңбегі де Абайды ұлттық поэзияның шыңына шыққан тұлға ретінде ғана емес, жалпыадамзаттық гуманизмнің жаршысы ретінде танытуға тырысты, сонымен бірге, ұлттық идеяны көтерген, әдебиет арқылы қоғамды тәрбиелеуге ұмтылған ұлы ойшыл ретінде бағалады және адамгершілік идеалын әдеби сын тұрғысынан зерделеп, қазақ әдеби сынын Абай мұрасын зерделеу арқылы жаңа сапалық деңгейге көтерді.

Қандай кезең орнап тұрса да, ол – Абай әлемін кеңінен танытуға бағытталған ғылыми-танымдық еңбектерді хрестоматиялар мен жинақтарға енгізіп, абайтанудың методологиялық негіздерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Сөйте келіп, ақынды тек әдеби мұрагер ретінде емес, тарихи сана мен ұлттық рухтың бастау көзі ретінде қарастыруды – абайтанудағы басты жаңалық етті. Абай мен Пушкин, Абай мен Лермонтов арасындағы көркем үндестікті салыстыра зерттеп, қазақ поэзиясын әлемдік әдебиетпен сабақтастырды. Міне, дәл осы теңдессіз еңбектері - абайтану ғылымының негізін қалыптастырып қана қоймай, кейінгі зерттеушілерге айқын бағыт-бағдар болып еді. Ал, ол сәт – ұлттың интелектісін жоққа шығаруға тырысатын, ұлттық ғылымның жаңа саласының өрістеуіне жол бермейтін қиын да, қытымыр кезең еді. Десе де, қарагер Қаратаев тағдырымен тәуекел етіп, ұрпақ алдындағы ұлы міндетін адал атқарды. Ұлттық руханияттың ең өзекті саласына бар ізденісі мен шығармашылық мүмкіндігін арнады.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу - интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ.

Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан халықтың рухани азығына айналған  өлшеусіз мұра қалдырды»,-деген еді. Бұл сөз ел өмірінде абайтану ілімінің маңызы мен мәртебесін анық ашып беріп тұр.

Осынау мазмұнды міндетті асқан көрегендікпен о заманда-ақ ұғып, тұтас бір ғылым саласының негізін қалаған, сонымен бірге, ұлтымыздың рухани қайраткері, аса ауыр кезеңдегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы әрі сыншы-ғалым, публицист ретінде әдебиетімізге зор еңбек сіңірген Мұхамеджан Қаратаевтың еңбегі әрқашан еленіп отыруы керек деп есептеймін. Себебі, Абайды тану – әр қазақтың ең үлкен парызы, ал, абайтану ілімінің негізін қалаған Қаратаевты тану – ең үлкен парызға парасатпен, ақылмен адаспай жететін жауапты жол деп білемін.

М.Қаратаев Жамбылтануда да зор еңбек етті. Жетпіске қараған шағында поэзия әлемінде қайта жасарып, шабыттана қайта атқа мінген Жамбыл ақынның жүзге жеткенше, халық бақытын асқан талантымен, асқақ үнмен тебірене жырлағандығын «дүниежүзілік әдебиетте бұрын соңды болып көрмеген үздік, дара оқиға»,-деп бағалады. Ақында халқының ғасырлар бойы жинақталған поэзия антологиясының болуы, оны жаны мен жүрегінде сақтауы – оның ақындық шеберлігін шыңдай түсті. Әрине, қазан төңкерісі әкелген жаңалық оның ақындық талантының бұғаудан босануына алабөтен шабыт сыйлады. Жамбылға жер - жерден хаттар келіп жатты. М.Қаратаев батыстағы Альпі тауының жүрегінен Ромен Ролланның қазақтың кең даласына арнайы құттықтау жолдауындағы «Жамбыл - қазақ халқының және бүкіл жаңа адамзаттың жыршысы» дей келетін бағасын асқан мақтанышпен келтіреді. Кекілбаевша айтар болсақ:  «Жамбыл большевиктердің саяси көзбояушылығынан жаратылған, соны жырлаған ақын емес. Жамбыл жаңа өкіметтің етегіне жармасудан атымен аулақ болды. Жаңа өкімет Жамбылдың етегіне қайта өзі жабысты». Соның бір дәлелі ретінде М.Қаратаев ақынның 1921 жылы жазылған «Белсенділерге» деген өлеңіне тоқталады. Оған асқан кәсіби талдау жасап, сыншылық сұңғылалығымен сын елегінен өткізді.

Жамбыл Жабаев - шын мағынасындағы азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбыл ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге, халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен өлшенеді. Ұлы жыраулар үлгісін жаңғыртты, ұлттық рухты оятты. Дегенмен, қай заманда да болмасын рухани мұра сол дәуірдің құлына айналады. Жамбылдың соры да, бағы да кеңес үкіметі болды. Сонда да ол советтік мәдениеттің бағын ашты, әлемге танытты. Өз  идеологиясының мықты қаруы етті. Және бір әсем кескіндеу: Жамбыл – жырдың мұхиты, тот баспайтын асылы. Жыраулықтың эпикалық дәстүрін жаңа мазмұндағы халық поэзиясына әкеліп әсем ұштастырған ғұлама. 20 ғасырдың қазақ зиялыларына 30-40 жылдардағы Жамбылдың жыр селі «өшкені тірілгендей» әсер етеді.  Соның бірі «Замана ағымы» дейтін ұзақ толғауындағы Ұзынағашта болған жер бөлінісіне байланысты жыры. Бұнда ол халыққа рух беріп, ұлтының тұтам жері үшін жанын пида етуге дайын екендігін білдіреді. Бұл жырды да біздің Мұхамеджан атамыз асқан зерімен талдап, асқан кәсіби ғылыми мазмұнмен байытады, зор баға береді.

1935 жылы Алматыда өткен бүкілқазақстандық ақындар мен өнер қайраткерлерінің слетіне тоқсанға келген Жамбыл ақын шақыртылады. Онда ол «Туған елім» деген толғауын айтады. Осы толғаудан соң Жамбылдың атағы жер жарады. Шығармасы орыс тіліне аударылады.

1936 жылы Мәскеу қаласындағы он күндікке қатысып, тұңғыш рет қазақ әдебиетінде орден алған ақын болғандығын да М.Қаратаев ерекше ілтипатпен жазды. «Үш бәйтерек» публицистикалық мақаласында Жамбыл жайлы: «Бір күні біздің үйге қазақ елінің мақтаныштары, өз өнерлерімен танымал болған көркем өнердің дарынды дауылпаздары - Жетісудың су төгілмес жорғасы Жамбыл жырау, Қара Ертістің еркесі атақты Естай әнші, Сырдарияның саңлағы Тұрмағамбет қонақ болды. Мен мұнда Жамбылдың тек қана қазақ емес, шығыстың ұзақ дастандарын тамаша жырлайтынын, сондай-ақ, есту қабілеті мықты, отырған жері думанды базар, әңгімеге шебер кісі екенін анық аңғардым» дей келе, ақынның уытты өткір сықақ пен мысқалға толы өз замандастарына арнап айтқан әзілдеріне таңдандым. Әнші-ақын Естай қария Жамбылды ертеден білетінін, бірақ, жолығысудың реті болмағанын сөз етті. Сонда Жамбыл-Жәкем: «Қоңыраудай күміс көмей, сайраған жезтаңдай бұлбұл әншім, сен мені тер төгіп, жан сала іздемегенсің. Неге десең, мен сенен онша алыс емес, Сарыарқаның Біржан сал, Балуан Шолақ, Нысанбай жырау, Шашубайларының аяғы жеткен жерде, Алатауды айналып жүр едім ғой. Мен сені және сенің сүйікті Қорланыңның еш уақытта  өшпейтін, өлмейтін суретін өзіңнің асқақ әніңнен таптым» деді, сөйтіп, Тұрмағамбетке өткір көзін тіге: «Ертеде, жырлап жүргенімде, қалың қазақты шарлап, аралап, Жетісумен жапсарлас жатқан Сырдария облысының Түркістан оязына тақау бардым. Атақты Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт ақындарға кездесіп, өнерлерінен үлгі алып, өздерін пір тұттым. Сол сапарымда ақындардың ішінде ел аузынан түспейтін көп естіген есімім - алмастай өткір тілді, ағыл-тегіл жыры бар, шығарған сөзі шырайлы, ел аузынан көп тыңдағаным Шәді төре мен Тұрмағамбет болған»,- дейді. Қандай тарих, иә? Қызғарған қызыл көздердің бар назары ұлттың интеллигенциясында тұрған уақытта әрқайсысының соңында бір-бір дүрбі бар дарындарды өз шаңырағына жиған атамыздың осы мақаласын оқыған сайын кеудеміз көтеріліп сала береді. Айналып келгенде мұның бәрі ұлттың руханияты үшін жасалған үлкен тәуекелдер ғой.

Жамбылдың Тұрмағамбет өлеңдерін жатқа білгенін де келер ұрпаққа жеткізген осы қарагер Қаратаев. Оған дәлелі – Жамбылдың әлгі ғаламат жиында

«...сөз өлшеуін білмеген,

Шағалаша шулайды.

Тал жібектей таза сөз

Еш жеріңді жырмайды»,-дей келетін Тұрмағамбет толғауын шұбырта жөнелуі еді.

Мұхамеджан атам қалдырған тағы бір естелік: Жамбыл осылайша сөйлеп отырып, Тұрмағамбет шайырға былайша сұрақ қояды: «Сізді біреулер «молда», «шайыр», «ақын» дейді. Соның қайсысы боласың? Халық қанша дәріптегенімен, сен бір мезгілде әрі лапылдаған от, тасқындаған су бола алмайсың ғой»,- деп Естайды тоқтатқандай, ақынға қулана қарайды. Тұрмағамбет еш мүдірместен әзір сауалға тапқырлықпен жауап береді: «Егер кітап оқып, хат жаза алсаңыз, онда «молда» атанар едіңіз». Жамбыл осылайша өзі аңсап жүрген ақылды ақынын көргеніне риза болады.

Осыншама тарихты өз шаңырағында өткерген сыншы-ғалым, жазушы мақаласында өз ойын былайша түйіндейді: «Сөйтіп, «Сыр сүлейі» атанған Тұрмағамбет есімін, Ертістің еркесі Естай есімін аламантасыр ауыр заманның өзінде-ақ, қазақтың керілген кең даласының қашықтығына қарамай, жақсылықты жатқызбай, «шекарадан өткізіп», Алатау атырабына алып келуші, алғашқы «елшілік қызметті» атқарушы Жамбыл екенін анық білген едім. Халқымыздың мақтаныштары, ежелгі үш алып өзен судан - Жетісу, Ертіс, Сырдариядан нәр алып, оның бойында өсіп шыққан үш бәйтерек шынардың тұңғыш дидарласуынан өнерді осынша қастерлеген қызу әңгіме-дүкенде болып, тірі деректі құлағыммен естігенім есімнен кетпейді».

Әдебиет сыншысы М.Қаратаев одан әрі қарайғы ізденісін қазақ әдебиеті мен өнерінің төңкеріске дейінгі аумағы мен деңгейін қалаған арқаның Алтынсарині мен Ақаны, Біржаны, батыстың Махамбеті, Сырымы, Жетісудың Сүйінбайы мен Жамбылы, Кенені, сыр бойының сүлейлері секілді ерен жүйріктердің шығармашылығын, әдебиетімізге қосқан әрқайсысының ерекше үлесін, эстетикалық ерекшелігін талдауға арнайды.

Не деген сұңғылалық десеңізші. Қазақ әдебиеті мен руханиятының толық хронологиясын қалыптастырып, ұлт руханиятына жазушы, әдебиеттанушы, сыншы, ғалым, өнер зерттеушісі, тұлғатанушы, тарихшы, тарихқа тамыршы ретінде сіңірген бұл не деген еңбек?.. Менің мақаламда келтіріп отырған деректерім – оның энциклопедиялық білімі мен ізденісінің, тәуекелдерге маңдай тіреген туындыларының бір парасы ғана ғой...

Біз бәріміз Мұхамеджан әкеміз бен Мархума анамыздың  отбасында жүріп, жоғары білім алдық. Ол кісілерді өз әке-шешеміздей көргеніміз сонша: папа-мама деп атаушы едік. Әрқайсысымыздың дұрыс оқуымызға, дұрыс мамандық таңдауымызға мән берді. Адал еңбекке ерекше ынталандырды. Емтиханға бара жатсақ, Мұхамеджан әкеміз өзі есікті ашып, «жолың болсын» дейтін, сабақтан оралғанда өзі күтіп алып, «не жаңалығыңмен қуантасың?» деп сұрайтын. Бір ру, бір аумаққа емес, бүтін бір ұлттың руханият тарихына тағдырын арнап жүріп, біздерге де аса қамқор болғанын,  мамандық алып, өз қолымызды аузымызға жеткізіп, өмірден өз орнымызды табуымызға бағыт-бағдар бергенін бізге деген үлкен жанашырлығы екенін ешқашан естен шығарған емеспіз.

Өз әкем Сарғали мен Сахан анамыз туралы «бізге сендерді Сарғали інім мен Сахан келінім қартайғанда рахатын көрсін деп туған ғой, айналайындар»,-деп те ерекше еміреніп отырушы еді. «Мен Қазақ әдебиетінің Академигі болсам, Сарғали – дала академигі» деп те көтермелеп отыратын. Қарагердің айналайынын күнде естіп отыратын қайран күндер-ай,- дейміз.

Ұлтына да, жұртына да есіл еңбек еткен, есепсіз еңбек еткен қаранарымыздың, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қабырғалы қайраткердің ғұлама ғұмырбаяны – елдік тарихына өшпес із қалдырған бір ерекше тарау. Осы таңбалы тарау – тәуелсіз елдің ұлағатты ұрпағына үлкен аманат!

Оқысаң болды өнегенің арнасы ағытылатын осынау еңбектің мұрагері – «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!..»

Асия Нұржанова,

ғалым, филология ғылымдарының кандидаты 

Фото: adebiportal.kz

Тағы да оқыңыз: