Kyzylorda-news.kz. Жақында гүл өсіруші әрі гүл сатумен айналысатын қала тұрғыны Алуа Серікқызынан қызықты ақпаратпен бөліскен болатын. Оның айтуынша, әр гүл түсінің өз сыры бар екен. Сондай-ақ ол өз сөзінде әрбір адам баласына гүл ең керемет сыйлық екенін де айтқан болатын. Маманмен гүлге қатысты қызықты ақпаратты білу үшін арнайы тілдестік.
«Жақын адамыңыздан сыйлыққа гүл алсаңыз, ол сіздің көңіліңізді көтеріп қана қоймай, денсаулығыңыздың жақсаруына да әсерін тигізеді екен. Айтпағымыз, дәрілік өсімдіктердің емдік әсері емес, кәдімгі аулаға, бөлмеге көрік беретін қарапайым гүлдердің денсаулыққа пайдасы жөнінде көп нәрсе білуге болады», – дейді қала тұрғыны Алуа.
Гүлдің науқастанып жатқан адамның сауығып кетуіне әсер ететінін бұрынғылар жақсы білсе керек. Сол себептен ертеректе науқас жанның алдына гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған. Әдетте гүл таңдауға келгенде біз сыртқы пішіні мен түріне, әдемілігіне ғана мән береміз. Ал гүлді өсіріп, баптаушылардың айтуынша, көз арқылы қабылданатын гүлдердің түсі миға әсер етіп, ағза қызметін жақсарта түседі екен. Мысалы, сары түс - зат алмасу қызметін жақсартады. Орталық жүйке жүйесінің жұмысын реттеп, иммунитет күшін көтереді. Сары түсті гүлдерді жұқпа ауруларымен науқастанып жатқандарға немесе уайым шегіп жүргендерге берген жөн.
Қызыл түс - мидың психикалық белсенділігін арттырады. Қандағы адреналинді көтеріп, адамға күш-қуат береді. Осы түстің әсер етуімен ағзадағы жыныс гормондарының концентрациясы көбейеді. Қызыл түсті гүлдер шаршауды басады. Егер климаттық өзгерістерге ағзаңыз төзе алмаса бөлмеге қызыл түсті гүлдер қойыңыз, атмосфералық өзгерістерді жеңуге көмегі зор.
Жасыл түс - ойлау қабілетін жақсартады. Теріс энергияны қуып, адамдағы қорқынышты басады. Бөлме ішінде жасыл түсті бөлме өсімдіктері көп болса, ми ашымай, кез келген нәрсеге мән беріп, сергек жүресіз. Сондықтан жасыл түсті бөлме өсімдіктерін кеңсеге қойған жөн. Ол сізді ашудан сақтап, зейінді етеді.
Көк түс - мүн мен тыныштықтың түсі. Көк және ашық көк түсті гүлдер миға тыныштық сыйлап, ұйқының жайлы әрі жақсы болуына әсер етеді.
Ақ түс - тазалық пен ұқыптылықтың белгісі. Мұндай түсті гүлдерді жаны таза адамдар ұнатады. Ақ түсті гүлдерді шығынға ұшыраған адамға немесе созылмалы аурудан айыға алмай зардап шегіп жүрген науқасқа сыйлаңыз.
«Гүлдің иісінде де осындай ерекшелік бар. Түстерінен бөлек, олардың иістері де адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, ағзаның өмір сүру қабілетін жақсартады. Жалбыздың иісі қан тамырларын кеңейтіп, артериялық қан қысымын қалыпты жағдайда ұстайды. Жүйке жүйесін тыныштандырып, жүрек шаншуын басады. Бас ауруын қойдыртады. Шаршауды басып, тән мен жанға қуат береді. Тәбетті арттырып, ас қорытуды жақсартып, жүрек айнуын басады. Ал түймедақ өзінің жұмсақ иісімен жүйкені тыныштандырып, ұйқыны жақсартады», – дейді гүл өсіруші Алуа.
