Kyzylorda-news.kz. Тереңөзек кентінің әкімі Бахтияров Ержан Бахтиярұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес кентіміздің алтын құрсақты аналарын қабылдады. Қабылдау барысында кент әкімі Бегимкулова Айнур Хазитовна, Гильмутдинова Наталья Петровнаға «Алтын алқа» және Куракбаева Турганкул Бердигалиевнаға «Күміс алқасын» табыстады.
Ардақты аналарға еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбеюі мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
«Ана – күштінің күштісі, мықтының мықтысы, ерекше құдіреттің иесі. Жер бетінде қанша адам болса, солардың әрқайсысы «Ана» деген құдіретті сөзге өзінше жаңа, тың мағына береді. Ана мен бала арасындағы махаббатты, сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Қандай әдемі сөз айтсақ та, ананың баласына деген шексіз ықыласын, риясыз көңілін сипаттап бере алмайтындаймыз. Ана баласын сөзсіз түсініп, жүрегімен сезеді. Бауыр еті баласының жай-күйін қабағынан-ақ аңғарады. Кімнің де болсын өмірдегі ең бір жанашыры, шынайы қамқоршысы – анасы. Ендеше осынау ұлы есімді үлкен жауапкершілікпен арқалап, халық санын көбейтуде, бала тәрбиесінде үлкен үлес қосып жүрген өздеріңізге алғыс айтамыз. Кеуделеріңізге таққан алтын, күміс алқа құтты болсын. Балаларыңыздың қызығын көріп, бақытты, баянды ғұмыр кешуге жазсын» деп тілек білдірді кент әкімі.
Айта кетейік, «Алтын алқа» - жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеп отырған аналарға берілсе, ал «Күміс алқа» - алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алады. Көп балалы аналарға арналған Халыққа қызмет көрсету орталығынан жәрдемақы беріледі.
«Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. «Әр баланың өз несібесі бар» деген. Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды» дейді марапат төрінен көрінген алтын құрсақты ана.
«Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді деп ойлаймын. Абайдың қара сөзінде: «Әділеттік пен мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та жақсылыққа жекізе алмайды. Мейірімге бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Баланы дүниеге әкелу ғана емес, жақсы азамат етіп өсіру де ата-анаға міндет», – дейді «Күміс алқа» иеленіп, мерейі артқан кент тұрғыны.
