Kyzylorda-news.kz Отбасының қамқоршысы, асыраушысы, қолдаушысы – әкелердің орны бір төбе. Себебі, әке – тірек те, пана да бола алады. Бір сөзбен айтқанда әке атауына тәртіп те, тәрбие де сияды. Үлгі де, үміт те осында. Сол себепті бала өмірінде әкенің рөлі өте зор.  Аралда алты баласын спортқа баулып отырған отбасы бар. Мейірхан Бармағанбетов балаларын шахмат спортына баулуда. Олардың барлығы халықаралық және республикалық деңгейдегі бәсекелерде жеңімпаз және жүлдегер атанған. Жақында  есімді баласы Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде топ жарып, әлем чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік алды. Осы орайда әңгімеге тартып, балалары жөнінде және еліміздегі шахмат спортының дамуы жөнінде ой бөлісті.

Мейірхан Бармағанбетовтің өзі әуесқой шахматшы. Оның балаларының барлығын шахматқа баулуына  венгриялық апалы-сіңлілі Полгарлар туралы оқыған ақпараты еді.  Апалы-сіңлілі Жужа, София және Юдит есімді  әлем жұртшылығына жақсы танылған спортшылардың жетістігіне қызығады. Оларды шахмат өнеріне баулыған әкесі Ласло Полгар болатын. Осыдан кейін Мейірхан ағаға неге менде балаларымды шахматқа дайындамасқа деген ой келеді. Осыдан бастап өзінің балаларын шахматқа баулып, олардың жоғары деңгейдегі турнирлерге қатысуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Мейірхан ағамыздың отбасындағы үш ұл, үш қыздың бәрі ойлылар ойыны саналған өнерді жан-жақты меңгеріп алған. Қазірге дейін балалары Сағыныш, Сақыпжамал, Мейіржан, Сабина кезінде сан алуан жарыстарда топ жарып келеді.

Шахмат есепке құралған ойын ғой. Бір қызығы, алдыңғы төрт балам жоғары оқу орнында математика пәнін таңдады. Қазір мектепте оқитын Ақылжан мен Айзере елімізде жасөспірімдер арасында бақ сынап келеді. Негізі Ақылжан төрт жасынан бастап шахмат ойнайды. Бес жасында алғаш рет ел біріншілігінде бақ сынады. Содан бері жеті жылдан астам уақыт өтті. Әрдайым жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргені қуантады. Рапидтен чемпион атанды. Кейінгі жылдары оны ағасы Мейіржан баулып жүр. Әртүрлі әдісін үйретті. Соның арқасында Ақылжан ойынға басқаша қарай бастаған секілді. Өзін-өзі дамытып, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Кішкентай қызым Айзере де биіктен көрінуді қалайды, − дейді спортшы әке.

Әңгіме барысында шахмат ойының ерекшелігі мен елімізде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс секілді ауқымды мәселелерге  де тоқталды.

− Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты. Ал кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған. Алайда, бұл ойыны туралы дәлелді нақты ақпарат болмағандықтан, көптеген тарихшылар шахматтың тарихын біздің дәуірімізден кейінгі 570 жылдан басталады деген тоқтамға келіп жүр. Шахмат туралы парсы дастандарында осы дәуірдің 600 жылдарында Үндістанда пайда болған деп жазылған. Ғасырлар бойы елге аса танымал болған шахматтан ресми әлем чемпионаты 1886 жылы өтті.
Қазақстанда шахмат жақсы дамып келе жатыр. Кейінгі он жылда көп өзгеріс болды. Елімізде шахматтың рапид және блиц түрінен Әлем чемпионаты өткізілді, қаншама жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тоқсаныншы жылдан бері беделді бәсекеде қазақстандық шахматшылар ел намысын абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта қазақ баласынан Әлем чемпионы шығады деген ойдамын. Оған көп дайындық керек. Рас, қазір жасөспірімдер мен жастар арасында дүниежүзінде алдыңғы қатардан көрініп жүрген өрендер аз емес. Олардың әлемді мойындатып жатқаны қуантады. Жалпы, ересектер арасында чемпион болу өте қиын. Өйткені, бәсеке өте жоғары. Жетістікке жетуге талпынған әрбір адамның мол тәжірибесі болғаны дұрыс.

Жер шарында халқының саны жөнінен алдыңғы қатарда тұрған Қытайдың өзінен Әлем чемпионы жақында ғана шықты. Бүгінде норвегиялық Магнус Карлсеннің аты озып тұр. Әзірге оған ешкім тең келер емес. Кім біліпті, алдағы уақытта әлем жұртшылығы қазақ баласының шеберлігіне таңдай қағатын уақыт та келіп қалар. Осы орайда барлық өңірде шахмат мектебі ашылса деймін. Мәселен, өзім тұратын Арал өңірінде қаншама дарынды өрендер бар. Оларды қалай іздеп табамыз? Әзірге осы жағы кемшін түсіп тұр. Сондықтан үйірмелерді ауылдық жерлерден ашу мәселесін назардан тыс қалдырмайық дегім келеді. Жалпы шахматты дамытуға өте көп қаржы қажет емес. Өкініштісі, бұл мәселе әлі де кенже қалып жүргені қынжылтады. Барлық жерде арнайы үйірмелер жұмыс жасаса деген ұсынысым бар,−деді ол.

Бір айта кетерлігі  Ақылжан алдағы уақытта шахматтан Бразилияда жалауын көтеретін балалар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына қатысатын болады. Ел біріншілігінде ол классика түрінен топ жарса, рапидтен екінші орынға табан тіреді. Қазір ол аудан орталығындағы Ж.Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейінде оқиды. Білікті мамандар ауыл баласының толағай табысын білікті мамандар жоғары бағалаған. Жарысқа 
балаларды Мейірхан ағаның өзі апарып, қолдау көрсетеді.

− Сайыс барысында кеңес беруге тырысамын. Әрбір жеңіс осындай өлшеусіз еңбектің жемісі. Ұлдың кенжесі Ақылжанның Әлем чемпионатына жолдама алуы көп жылғы еңбектің жемісі деп білемін, − деп қуанышында жасыра алмады.

Үлкен жеңістің төрінен көрініп, қазақ спортын алға сүйреп жүрген отбасыға бізде өз кезегімізде сәттілік тіледік.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: