Kyzylorda-news.kz 2026 жылғы 29 мамырда Алматы қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытының құрылысы басталады. Жоба Қазақстан Президентінің инвестиция тарту және «жасыл» экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылмақ.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың қалдықтарды энергияға айналдыру саласындағы жетекші компанияларының бірі – Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату бойынша жүзеге асырылатын инвестициялық жобаның барысы талқыланды. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов қоршаған ортаны қорғау Қазақстанның жаңа Конституциялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет экологиялық жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға және озық технологиялар мен инвестициялар тартуға ерекше көңіл бөліп отыр.

Өз кезегінде Дай Даого құрылыс жұмыстары 29 мамырда басталатынын және зауыт екі жыл ішінде пайдалануға берілетінін мәлімдеді.

Жоба аясында тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдық өңделіп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясы өндіріледі. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде жыл сайын шамамен 200 мың тонна көмірқышқыл газы шығарындылары азайып, полигондарға түсетін жүктеме төмендейді.

Сонымен қатар құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша жұмыс орны ашылып, жоба толық іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жоба «жасыл» энергия өндірісін дамытуға, жергілікті мамандар даярлауға, технологияларды енгізуге және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық мемлекеттік органдарға жобаны уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: