Kyzylorda-news.kz.  Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің жалпыхалықтық сипатын ескере отырып, облыстық іс-шаралар жоспарына 40-тан астам қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, спорттық, ағартушылық және ғылыми-танымдық шаралар енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов мәлімдеді.

- 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі 24 сәуірден бастау алып 3 мамырға дейін жалғасады. Атап айтқанда, 24-28 сәуір аралығында Достық үйінде «Достық үйі – келісім мен бірлік мекені» тақырыбымен ашық есік күндері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында «Бірлігіміз – әралуандылықта» тақырыбымен лекторийлер, облыс музейлерінде «Қазақстан – достықтың киелі бесігі» атты көрмелер, облыс кітапханаларында «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты кітап көрмелері, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Ал, мекемелерде мерекелік қабылдаулар мен мәдени-танымдық кештер, облыстық Ассамблея жастарының Этно fest фестивалі, «Бірлік – бітімгерліктің бастауы» атты интеллектуалды сайысы болады, - деді А.Әбілқасымұлы.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудандарда мерекелік театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, халықтық серуендер, «Таза аула» сайыстары, қайырымдылық шаралар мен волонтерлік көмектер ұйымдастырылады.

Облыстың негізгі мерекелік мәдени-көпшілік шарасы 1 мамыр күні сағат 10.00-де Қызылорда қаласының «Сыр ана» монументі алаңында «Татулығы жарасқан – берекелі Қазақстан» тақырыбымен өтеді.

Жалпы, мерекелік іс-шаралар азаматтардың жағымды көңіл-күйін қалыптастыруға, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

Тағы да оқыңыз: