Kyzylorda-news.kz Жалғызбасты ана. Безбүйрек әке. Жалтақтаған бала. Қазіргі қоғамда ең өзекті мәселенің бірі, осы ажырасудан құралған үштік статус. Иә, әркімде жай әртүрлі. Ешкімде ешкімнің шаруасы жоқ «шатақ» заманда өзгенің өкпесі мен өксігі кімге керек дерсіз. Жазықсыз бала ше? Шырылдай жүріп шырғалаңға түскен ол бейкүнә еді ғой...

 Қазір заң бар. Тіпті айыпты зайыптылар арасында заңды ажыраспай жатып алимент тағайындалады. Әкеге не анаға. Әрине, баланың кімге қалатынына орай. Мұндай дүниені естіп, білген көп келіншек күйеуімен бірге тұрса да, алимент өндіріп отырар күйге жеткен. Көз көріп жүр. Кәнігі отбасы. Үлкен шаңырақ астында тұрып жатыр. Қызығы сол, жұбайына айлық түссе, бала санына орай, зайыбының карта шотына алимент қоса түседі. Үйреншікті дүниеге айналған. Ал, ортақ баланы жалғыз асырап отырған ана ше? Әкеден көмек болмаса, заңға бағынбаса, әкелік борышынан жалтарса, ауыр жүкті жалғыз көтеріп жүр емес пе?

Бізде ең төменгі алимент мөлшері бір балаға – 15 мың теңгені құрайды. Бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Болашақта қаржылық және отбасылық жағдайға байланысты бұл сома әртүрлі болуы мүмкін. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңда алимент бір адам, оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат деген анықтама берілген. Біздің елде көп жағдайда, баланы асырау үшін алимент төленеді. Сондай-ақ, ата-анасынан бас тартқан ересектер де, алимент төлеуі мүмкін. Алайда, қоғамда алимент төлеуден жалтарып жүргендер өте көп. Олар көбіне, балаға алимент өндіріп алу үшін бұрынғы жұбайының арыз түсірмейтінін пайдаланады.

Алимент мөлшері мен төлеу тәртібі, отбасы мүшелерінің қаржылық міндеттемелері кодекстің 5-бөлімімен реттеледі. Кейде борышкерлер міндетінен қашып, жасырынып жүруі мүмкін. Қазақстанда үш айдан астам алимент төлемей жүргендердің аты-жөнін жинайтын qamqor ақпараттық қызметі барын айта кеткен жөн.

Жауапсыз әкелер, қараусыз балалар

Сот шешімімен тағайындалған алименттерді төлемеу, уақтылы немесе толық төлемеу, нақты кірісті немесе қарыз өндіріп алынуға тиіс мүлікті жасыру заң бұзушылық екенін естен шығармаған абзал. Статистикаға сүйенсек, шамамен – 8 мың ата-ана алимент төлемейді. Олардың екіден, үштен балалары бар. Яғни, сан еселеп өседі. Алимент төлегісі келмей одан жалтарып, түрлі қулыққа барып, жұмыс орындарын көрсетпейді. Жалақыларын төмен көрсетіп, тіпті сот орындаушыларынан жалтарып та жүреді. Бір қызығы, өз жұмыс орнындағы есепшімен де келісіп алатындар бар. Мұндай жауапсыз әкелер алимент төлемегені үшін қылмысқа тартылатынын бір кездері біліп ек. Алайда, қашқын әке дегендердің қылмысқа тартылып жатқанын байқамаппыз. Қазір бәрі басқаша. Бірнеше ай алимент төлемеген әкенің қолын қайырып, темір торға қамағанын көріп жүрміз.

Қасиетті Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» делінген. Осыдан-ақ, отбасындағы əкелердің орны мен міндетінің жоғары екені аңғарылады. Алайда, арамызда өз қанынан жаратылған ұрпағын тірі жетім етіп, «көкек əке» атанғандар көбейіп отыр. Соның кесірінен, бүгінгі қоғамда алимент алуға мәжбүр болған бала мен сот орындаушыларын жағалаған аналардың саны арта түскен. Әке деген асқар тау өз баласын өзектен тепсе, басқасынан не қайыр?

– Тағдырдың жазуы сол шығар. Қыз тұрмысқа шығарда ажырасамын деп ойламайды ғой. Бірақ, өмір арнамыз бір арнаға тоғыса алмады. Жеті жыл бірге отбасы болып тұрғанымызбен, ол тек аты ғана еді. Жұмыстан шаршап келгенде ол ащы суға тойып алып қарсы алатын. Күнде-күнде қайталана берді. Ұрып-соғу көбейіп, соңы қолынан қаза таба жаздадым. Бір күні санамда сайрап тұратын «ұят боладыны» ұмытып, белімді бекем будым. Бір түнде балаларымды алып, өз үйіме кетіп қалдым. Қазір теледидардан, әлеуметтік желілерден тиран еркектердің қолынан қаза тауып жатқан келіншектерді көп көрдім. Менің де, бір күні мәйітім табылар деген қорқынышты ой келді. Ажырасуға арыз бердім, алимент төлеуге міндеттедім. Алайда, қорқытулар әлі күнге дейін бар. Алатын айлығы, қызметі жақсы. Бірақ, алименттің жүзін көрмегеніме көп болды. Солай жеке сот орындаушылардың біріне жүгіндім. Әрине, ақысына. Бірнеше ай төленбей, қарыз болып жиналған ақшаны өндіріп алғым келді. Алайда, сот орындаушы өз міндетін атқармай, ақыр соңы алиментімді қайтарта алмады. Қызметке төлеген ақымды да ала алмадым. Барлық байланыстан мені бұғаттап үлгеріпті, – дейді алименттің әлегінен әбігерге түскен жас ана.

Алимент төлеуден қашқандар...

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Қазақстан Республикасының кодексінде алимент ұғымына «бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат» деген анықтама берілген. Өкінішке қарай, неке-отбасы заңнамасы аясында, алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің қатары жылдан жылға өсіп жатыр.

2023 жылдың өзінде сот орындаушылары алимент бойынша – 304 мың істі жүргізген. Оның ішіндегі 5 мыңы – перзенті алдындағы жауапкершілігін түсінбеген азаматтар. Қазақстанда алимент бойынша қарыз көлемі – 14 миллиард теңгеге жетті. Бүгінде қоғамның бұл көлеңкелі тұсы сот орындаушылары мен құқық қызметкерлерінің бас ауруына айналып отыр. Борышкерлердің арасында маскүнемдер мен жұмыссыз жүргендерден бөлек, жалақы мөлшерін азайту үшін жұмыс берушімен келісіп, жалған құжат жасататындары да жеткілікті.

Борышкерлердің көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, өздеріне ең төменгі жалақы – 70 мың теңгеге жуық қаражатты белгілейді екен. Мамандардың мәліметіне сенсек, алимент төлемеген – 4 065 азамат əкімшілік, 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 116 адам бас бостандығынан шектелді. Оған қоса, тағы сегіз борышкерге қоғамдық жұмыстарға тарту жəне екеуіне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Атқарушы билік алимент мәселесін қанша қиындатса да, мәселе түбегейлі шешілмей тұр.

Мемлекет «жұмыс жоқ» деп сылтауратқан 2000-ға жуық борышкерді жыл сайын жұмысқа орналастырады екен. 2022 жылдың 12 айында сот орындаушылардың өндірісінде – 7,8 миллион атқарушылық құжат болған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда – 1,1 миллион құжатқа артық. Былтыр – 6,7 миллион құжат болған еді. 2021 жылы – 2,3 миллион іс толық орындалса, 2022 жылы бұл көрсеткіш – 2,6 миллионды құраған. Осы тұста мемлекет кірісіне – 31 миллиард теңге өндірілгенін айта кету керек. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда – 6 миллиардқа көп. Сондай-ақ, бизнес пайдасына – 185 миллиард теңге өндірілген.

Елде алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы – 14 миллиард теңгеден асқан. 12 мыңнан астам адамның – 8 мыңы ғана бұрынғы отбасы алдындағы қарызын бөліп төлеп жатыр. Ал, қалған – 4 жарым мыңы баласына көмектесуден бас тартып, соқыр тиын да төлемеген. Әділет министрлігінің мәліметіне сәйкес, алимент өндіру бойынша – 292 мың іс өндірісте. Ата-аналық міндетін орындамай жүргендердің – 97 пайызы – ер-азаматтар, 3 пайызға жуығы – безбүйрек ана. Перзентінің алдындағы берешегін өтемей жатқан – 7882 борышкерге ел аумағынан шығуға уақытша тыйым салынған. Жауапты орган өкілдері осындай шектеулердің арқасында алимент төлеу мәселелері мен борышкерлердің жалпы берешегі де, едәуір азайғанын айтады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми өкілінің айтуынша, полициямен бірлескен – 144 рейд жүргізілді. 421 автокөлік, яки, алимент қарызы бар борышкерлердің автокөлігі арнайы айыппұл тұрағына қойылып, осының нәтижесінде қарыз алушы есебіне – 300 миллион теңгеге жуық қаражат өндірілген.

Аймақтағы ахуал қандай?

Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалығымен алимент өндіру бағытында атқарылған жұмыстарға қатысты ведомствоаралық мәжіліс өткен болатын. Онда алиментке байланысты барлық мәселелер көтерілді. Биыл облыс бойынша жыл басынан – 13 022 (20100 балаға қатысты 471 миллион теңге) алимент өндірісі болған, оның – 886-ы аяқталған.

Қалған – 18 мың балаға қатысты – 12 136 атқарушылық құжат бойынша – 353 миллион теңге қарыз қалыптасқан. Оның 6510 мерзімдік орындауда, 5626 бойынша үш айдан астам қозғалыссыз қалған, 801 бойынша берешектер қалыптасқан. Жыл басынан берешек – 118 миллион теңгеге азайған.

Талдау нәтижелерімен жеке сот орындаушыларының тарапынан – 813 бұзушылықтар анықталыпты.

Прокурорлармен 10 заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынулар енгізіліп, 21 жеке сот орындаушы тәртіптік, 98 борышкер әкімшілік, 6 қылмыстық жауаптылыққа тартылды, 55 миллион теңге алимент берешегі өндірілген.

Заңнан жалтарғанға не шара?

Егер, алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде алимент мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот тараптардың кез келгенінің талап етуі бойынша белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оларды төлеуден босатуға құқылы. Алимент мөлшері өзгерген немесе оларды төлеуден босатылған кезде сот тараптардың назар аударарлық өзге де мүдделерін ескеруге құқылы. Ата-аналар ата-ана міндеттерін орындаудан жалтарған, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтарған жағдайда оларды ата-ана құқығынан айыруы мүмкін.

Баладан жазбаша бас тарту және бала асырап алуды тоқтату сияқты ата-ана құқықтарынан айыру өз баласын асырау міндетінен босатпайды. Егер, бұрынғы ерлі-зайыптылар баланы ерікті түрде күтіп-бағу туралы келісе алса, онда олар атқарушылық құжатты қайтару туралы өтінішпен жүгіне алады. Алименттен бас тарту туралы өтінішпен сот орындаушысына жүгіну қажет.

Төлемнен бас тартқаннан кейін қайтадан алиментті алуға талап ету мүмкін емес, өйткені тоқтатылған іс жүргізу қайта басталмайды. Егер, алимент төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталса немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайда, сот кәмелетке толған әрекетке қабілетті адамға алимент өндіріп алудан бас тартуға құқылы.

Айта кеткен жөн, алимент төлемейтіндердің құмар ойынға тігетін ставкалары да тексеріледі. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады. Алимент төлемей жүргендердің жаңа кіріс көздерін анықтауда жаңа тәсілдер қолданылуда. Енді, алимент бойынша қарызы бар адамдардың электрондық әмияндары, букмекерлік компаниялардағы шоттары, биржалық саудадағы бағалы қағаздары, криптовалюталық операциялары, дропшипинг, желілік маркетинг, такси қызметтерінен түсетін пайдасы сияқты кірістері тексеріледі.

Түйін: Әлеуметтік желіде кеңінен таралған бір бейнероликті сіз де көрген боларсыз. Онда бір жігіт күшікке «ұрсып», «ұрмақ» болған кезде ит «баласын» қорғаштап, бауырына тыға түсіп, әлгінің қолын әлсін-әлсін қағып жібереді. Күшігін иесінен қақпалап, қорғап тұрған иттің бұл қылығы көпті сүйсіндірді. Бұл – жануардың рефлексі. Олар төлін бұғанасы бекіп, қорегін өзі тапқанша асырайды. Тіпті тәрбиелейді. Ал саналы адамдардың арасында бауыр еті баласынан безу, қарақан бастарын күйттеп кету көңілімізді күпті етті. Қоғамның өзекті мәселесіне айналған бұл түйіннің қашан шешімі болады?

Айнұр ӘЛИ

Тағы да оқыңыз: