Kyzylorda-news.kz «Менің бұрынғы күйеуім қазіргі таңда жұмыссыз. Табысы жоқ. Ол заң бойынша да солай көрсетіп отыр. Өйткені оның есепшотына түсіп тұрған табыс көзі жоқ. Дегенмен ақысын күнделікті алатын жұмыс істеп жүр. Бірақ сонда да алимент төлемейді, балаларға былайғы уақытта да ақша бермейді» - деді Арайлым есімді бойжеткен. Бұл әңгімені жиі еститін болған соң ба, ерсі көрінбеді...

Дәл қазір алимент өзекті мәселенің біріне айналды. Себебі табысын жасырып, ең төменгі жалақыны көрсетіп, аз алимент төлейтіндер қатары көбейген. Ащы болса да шындық, алимент төлемеу үшін тұрақты жұмысқа тұрғысы келмейтіндер де бар.

114,9 млн қарыз берешек өндірілді

   Қызылорда облыстық прокуратурасының прокуроры Бек-Сұлтан Имантаев алимент төлемдерін өндіру жұмыстарына тоқталды. 

– Алимент бойынша өндірісте 22 213 балаға қатысты 15 195 атқарушылық құжат өндірісте болып, оның ішінде 2607 құжат өндірістен аяқталған (2110 орындаусыз кері қайтарылған, 497 қысқартылған, 226 толық орындалған), бүгінгі күнге 12 588 өндіріс қалдықта, берешек қарызы 374 млн теңгені құрап отыр.

  Прокурорлар жыл басынан 15 ұсыну енгізіп олардың нәтижесімен 310 борышкер әкімшілік, 49 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылып, алимент төлеуден жалтарған 33 борышкер ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, оның 18-і сотталып, 5-і борышкерге қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негізбен тоқтатылған.

  Прокуратураның ықпалымен нақты алимент есебінен 114,9 млн қарыз берешек өндіріліп, «Бос орындар» жәрменкелері ұйымдастыру нәтижесімен 75 борышкер жұмысқа орналастырылған, – деді Бек-Сұлтан Имантаев.

Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алимент өндіру бойынша 292 мың іс өндірісте. Ата-аналық міндетін орындамай жүргендердің 97 пайызы – ер-азаматтар, 3 пайызға жуығы – безбүйрек ана. 7882 борышкерге ел аумағынан шығуға уақытша тыйым салынған. 

Тәртіпке бағынбағанға заң қатал

   Жақында әлеуметтік желіден «жеке шотында 500 миллион теңгесі бар қазақстандық баласына 30 мың теңге алимент төлеген" деген ақпаратты оқыдық. Бүгінде дәл осындай ақпарат жетерлік. Қазіргі таңда отбасын құрып, жараспай ажырасып кеткендер саны әжептәуір артты. Мұның зардабы арадағы балаға тиетіні анық. Өкініштісі, отбасынан, баласынан табыс көзін жасыратындардың артқаны. Ал алимент төлер кезде мұны заңды түрде дәлелдеп көрсетеді. Яки аз мөлшердегі айлық табысты көрсетіп, өзі қосымша жұмыспен басқа да табыс табады. Бала өмірге келген соң оның бар жауапкершілігі ата-анада. Ал барлық салмақ әке-шешеге түсетіні айдан анық. Ажырастым деп, баласын асырауда өз еркімен, қалауымен бас тартатын әкелер қатары көбейіп келе жатқаны алаңдатады. 

 «Алимент төлеші, әке!» деген билборд көшедегі әр жерде ілулі тұр. Өз баласынан бас тартып, ажырасуға шешім қабылдаған әкеге бұл сөздің де билбортың да тигізер пайдасы қаншалықты? Бір баланың да екі баланың да күнделікті қажеттілігі, киім-кешегі болады, десе де көпбалалы отбасылар арасында ажырасқандардың да жағдайы мәз емес.

  – Мен тұрмысқа шыққан кезде барлығы жақсы болатын. Біз бақытты өмір сүрдік. Тіпті достарым, әріптестерім де барлығы да бізге қызығып та, қызғанып та қарады. 5 жыл бірге тұрдық. Бір ұл, бір қызымыз бар. Арамыз күн өткен сайын салқындай бастады. Бұрын барлығыңа ортақ шешім қабылдап, шешім шығара білетінбіз. Соңғы уақытта сырласу да, мұңдасуда қиынға соқты. Күнде ұрыс-жанжал көбейді. Бір-бірімізді түсінуден қалдық. Балаларды қатты жақсы көретін, күнде тәттісін әкеліп, жұмыстан келген соң ойнатып, көп уақыт бөлетін. Өткен күн тәтті естелігімен есте қалды. Дегенмен де мәселе ушығып, ұрыс жиілеп кеткен соң бір тоқтамға келіп, балалардың көзінше ұрыспай, ақылдасып ажырасуға шешім қабылдадық. Оған да екі жыл өтті. Бұрыннан табысы айтарлықтай көп емес еді. Ай сайын екі балаға 32 мың теңге алимент төлейді. Біз басқа қалаға көшіп кеткендіктен 3-4 айда бір келіп, ұл-қыздарымен уақыт өткізеді. Мен көріп тұруға, балалармен бірге болуға қарсылық танытпадым. Бірақ өзімен бірге Қызылордаға көп күнге алып кетуге қарсы болдым. Ұл-қызым өсіп келе жатыр, әкелерін қатты жақсы көреді. Шыны керек, балаларым әкесімен тұрғым келеді дейді ме деп қорқамын, – дейді пікір білдіруші Алтынкүл (есімі өзгертілген).

Алимент жалақының өсуіне байланысты беріледі

Балаға алимент төленбеген жағдайда ата-әжесі төлейді дегенді естідік. Бұл қаншалықты рас? Ата-әжесі алимент төлеуге міндетті ме? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрдік. Бұл туралы жаңақорғандық адвокат, волонтер Дәулетбек Тұрабаев тоқталып өтіпті. 

– Көп жерде әкесі алимент төлей алмай жатқан кезде ата-анасы яки ата-әжесі зейнетақысынан төлеу керек пе деген сауал қойылып жатады. Жоқ. Атасымен-әжесіне алимент төлеу міндетті емес. Ешқандай заң зейнеткерді алимент төлеуге мәжбүрлей алмайды. Дегенмен де ата-әжесі өз еркімен «мен немереме ай сайын ақша аударып отырамын» десе, бұл өзінің еркімен, келісімімен жасалатын дүние. 

Сондай-ақ борышкер алимент төлеу үшін жалақыны аз көрсетеді. Бұл көп кездесетін жағдай. Әке баланың барлық жауапкершілігін өзіне алуы керек. Оның өсіп, өнуіне, білім алып, тұлға болып қалыптасуына, тәрбиесіне аса мән берген жөн. Ал егер ажырасып жатқан жағдайда әкелік жауапкершілікті толықтай өзіне алып, сезіну керек. Балаға тәрбисін, әкелік махаббатын бөлуі тиіс. Баланың қосымша үйірмесі, киім-кешегіне ақша жетпейді. Баланың еш кінәсі жоқ. Ол қосымша пәндерге қатысуы керек. Алимент жалақының өсуіне байланысты беріледі. Табыс көзі орташа жалақы 400 мың теңге болса, мәселен 3 балаға есептегенде 50 пайызын төлеу керек деген секілді талаптар бар. Борышкерден алимент төлеуге қолхат алынады, барлық жауапкершілік түсіндіріледі. Төлемеген жағдайда белігілі бір шара көріледі. Біріншіден, 3 айдың ішінде алимент төленбесе үй қамаққа алынады. Одан бөлек есепшоты бұғатталады. Үш айдан кейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Қазақстаннан ешқайда шыға алмайды. Сосын мәжбүрлі түрде жұмысқа орналастырады. Қарсылық білдірген жағдайда қылмыстық кодекстің 132 бап бойынша 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Құмар ойын жетегінде кеткендер аз емес. Ақшасын тігіп, ұтылып қалғандарды естіп жүрміз. Бұл да заң аясында тексеріледі. Борышкерді жан-жақтан тексеріп, бақылайды. Алимент төлемейтіндердің құмар ойынға тігетін ставкалары тексеріледі. Алимент төлемей жүргендердің жаңа кіріс көздерін анықтауда жаңа тәсілдер қолданады. Алимент бойынша қарызы бар адамдардың электрондық әмияндары, букмекерлік компаниялардағы шоттары, биржалық саудадағы бағалы қағаздары, криптовалюталық операциялары, дропшипинг, желілік маркетинг, такси қызметтерінен түсетін пайдасындағы кірістері тексеріледі, – деді адвокат Тілеухан Тұрабаев.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты берген мәліметте, алимент төлемегендер тарапынан қылмыстық жауапкершілікке 2024 жылдың 12 айында 18 адамға қатысты іс қаралған. 

PS. Ешкім ажырасамын деп үйленбейді. Алай­да әр отбасында болатын ыдыс-аяқ сылдыры бүгінде сол шаңырақтан сыртқа шығып, мемлекетішілік мәселеге айналды. «Алиментті алып тастаса, сот ба­ланы әкесімен қалдырса, әйелдер ажыра­са­мын демес еді» деген пікірді де жиі құлағымыз шалады. Алимент аясындағы жыр мұнымен бітпейді. Борышкердің жауапкершіліктен қа­шуының себебі тереңде жатқан секілді... 

Мөлдір САБЫРЖАН

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: