Жыл бойы маңдай терін төккен диқан қауымының еңбегі ақталатын жауапты кезең басталды. Бұл – еңбек пен ырыстың сабақтастығын дәріптейтін тағылымды мереке. Осы мақсатта бүгін Ақжар ауылында ел ырысын еселеген еңбек адамдарының еңбегін ұлықтап, 2026 жылғы егін жинау науқанының басталуына арналған «Алғашқы орақ – 2026» салтанатты іс-шара өткізілді.

Кездесуде аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, құттықтауын жеткізді.

– Егін егу – үлкен еңбек болса, оны ысырапсыз жинап алу – одан да үлкен жауапкершілік. Алдымызда аса маңызды егін жинау науқаны тұр. Осы кезеңде барлық шаруашылықтар мен жауапты мекемелер ұйымшылдық танытып, техникалардың дайындығына, еңбек қауіпсіздігіне және жиналған өнімнің ысырапсыз сақталуына ерекше назар аударуы қажет.
Құрметті жерлестер! Егін жинау науқаны сәтті өтіп, әрбір шаруашылықтың қамбасы астыққа толсын! Ақ күріштің атасы атанған Сыр елінің мерейі әрдайым үстем болсын! Өніміміз мол, қамбамыз астыққа толы болсын,-деді аудан басшысы.

Қармақшы ауданы бойынша биыл 25 231 гектар жерге егіс орналастырылып, оның ішінде негізгі дақыл – күріш 11 449 гектарға егілген. Сондай-ақ су тапшылығы жағдайында суды тиімді пайдалану мақсатында 600 гектар егістік алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылуда.

Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен «Ораз Ахун ЛТД» ЖШС директоры Жомарт Жалғасбев ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне ақжарма тілектерін айтып, диқандардың еңбегін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, «Ақ әжелер» ансамблі мен аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салса, қарияларымыз ақ батасын беріп, көптен күткен «Алғашқы орақ» рәсімі өтті.

FB_IMG_1789279369580.jpg

Тағы да оқыңыз: