Kyzylorda-news.kz. Мен тарихы тереңде жатқан Арал қаласының перзентімін. Бір замандарда сан ұлтқа пана болған портты қала талай өзге ұлт өкілдерінің ертеңіне даңғыл жол ашты.
Украиндық әкем Александр Амелькин әскери борышын Аралда өтеген. Кейінгі өмірін осы өңірде сабақтастырып, анам Надежда Кондратьевамен отбасы құрды. Ұзақ жыл «Қарлығаш», «Чебурашка» балабақшаларында абыройлы еңбек еткен анам кішкентай кезімде: «қазақтай көңілі кең жұртты еш жерден жолықтыра алмайсың. Бірлігі мықты халық татулықты ең бірінші кезекке қояды» деп айтып отыратын.
Иә, «Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» қаншама жанға құшақ ашқан қазақтай елдің қамқорлығын көп көрдім. Айзада есімді қазақтың аруымен жүрек жарастырып, шаңырақ көтердім. Ұлттың атадан балаға мирас болған дәстүрін ұлықтап жүріп өнеге аларлық көп нәрсеге қанықтым. Тыныштықты ту еткен, Қазақстанның болашағына сеніммен көз тіккен төрт перзентім бар.
Қазіргі таңда «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық «Толқын» газеті редакциясында газет таратушы болып еңбек етемін. Алдағы 1 наурыз «Алғыс айту» күні қарсаңында қамқорлығын аямаған барша қазақ халқына алғысымды айтамын!
Амелькин Александр Александрович,
Арал қаласы
