Kyzylorda-news.kz Аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өңір экономикасын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыста инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, өңірге шетелдік және отандық инвесторларды тарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев айтты.
– Алдағы бесжылдықта 86 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өңірлік штабтың отырыстарында әрбір жобаға қатысты туындаған мәселелер талқыланып, оларды шешу бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Былтырғы жылы 21 жоба іске қосылып, 411 жаңа жұмыс орны ашылды. Солардың ішінде ең ірі жобалардың бірі – Қорқыт Ата әуежайының жаңа жолаушылар терминалының ашылуы. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, әуе қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әуежайды одан әрі дамыту мақсатында вьетнамдық «Sovico Group» компаниясымен Қорқыт Ата халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Егер келісім жүзеге асса, бұл әуежайдың қызмет көрсету сапасын жақсартып, жаңа халықаралық бағыттардың ашылуына ықпал етуі мүмкін. Жалпы, қолға алынған инвестициялық жобалар өңір экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады, – деді, Ардақ Темірханұлы.
Сондай-ақ, жаңа перспективалық мұнай-газ кен орындарын анықтау және энергетикалық әлеуетті арттыру бағытындағы зерттеулер жалғасуда.
– Былтырғы жылы Арал шөгінді бассейнінің екі учаскесінде кешенді зерттеу жұмыстары аяқталып, нәтижесінде 1,1 млрд тонна көмірсутек қоры бар екені анықталды. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды жаңалық. Сонымен қатар, биыл Сырдария бассейінін зерттеу жұмыстары басталады. Осы мақсатта қажетті бұрғылау жабдықтары жеткізіліп, далалық жұмыстарға кірісу жоспарланған. Бұл зерттеулер аймақта жаңа кен орындарының ашылуына жол ашып, болашақта мұнай-газ саласын дамытуға серпін береді. Бұдан бөлек, «Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнында орналасқан қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілдермен өндіру жобасын іске асыруда. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүріп жатыр, ал биылдың өзінде өндірісті бастау жоспарланған. Бұл әдіс жаңа технологияларды қолдану арқылы мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, жүргізіліп жатқан зерттеулер мен жобалар аймақтың мұнай-газ саласын дамытуға, жаңа кен орындарын игеруге және өңір экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады, – деді, Ардақ Темірханұлы.
Өткен жылы Мемлекет Басшысының Катарға жасаған ресми сапарының нәтижесінде Қызылорда облысында қуаттылығы 1 100 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы қолға алынды.
– Жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі 280 гектар жер телімін резервке алды, оның 100 гектары газ-электр станциясының құрылысына арналса, қалған бөлігі болашақ перспективалық жобаларды іске асыру үшін белгіленген. Аталған жоба аймақтың энергетикалық әлеуетін нығайтып, электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Аймақ басшысы Үкімет және тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс істей отырып, инвестициялық жобалардың тұрақты жүзеге асырылуын бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді шешуге белсенді атсалысуда. Бұл өз кезегінде өңірге тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтып, экономикалық дамуға серпін береді, – деді Ардақ Темірханұлы.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі