Kyzylorda-news.kz Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Алаштың Астанасы – Қызылорда» тақырыбында интеллектуалды сайыс ұйымдастырды.
Сайыстың мақсаты – Қызылорданың қазақ мемлекетінің тарихындағы алатын орнын ұлықтау, жас ұрпақтың санасына елдік пен бірліктің маңызын сіңіру, ұлттық тарихымызға деген құрметті арттыру.
1925 жылы Орынбор қаласынан астана мәртебесі Ақмешітке көшіріліп, халқымызға «қазақ» атауы ресми түрде қайтарылған болатын. Осы тарихи оқиғаның 100 жылдығы аясында өткен интеллектуалды сайыс барысында қатысушылар тарихи деректерге негізделген сұрақтарға жауап беріп, ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамыту мәселелеріне қатысты білімдерін ортаға салды.
Сайыс қорытындысына сәйкес үздік нәтижеге қол жеткізген қатысушылар диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
