Kyzylorda-news.kz. Татулықты ту еткен Есет батырлықтар ілкімді жобаларды қолға алу арқылы елді мекеннің екінші тынысын ашқан. Әсіресе Аламесекте жергілікті шаруашылықтардың демеушілігімен ауылды абаттандыруға, көркейту-көгалдандыруға қатысты жарқын жобалар жүзеге асуда. Кешегі сапарында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов та ауыл халқының жұмыла жасап жатқан жұмысына риза болды. Бастысы, бүгінде шаруашылық төрағаларының демеушілігімен жүзеге асқан өміршең жобалардың тұтас ауыл халқы жемісін көріп келеді.

Иә, Аламесек те – Жалағаш ауданы орталығынан шалғай жатқан ауылдардың бірі. Екі мыңға жуық халқы бар елді мекеннің бұйыртса, келер жылы екінші тынысы ашылатындай. Биыл да Есет батырда еңселі жобалар жүзеге асты. Әсіресе жергілікті шаруашылықтардың демеушілігімен бірнеше ойын алаңының пайдалануға берілуі Балалар жылында бүлдіршіндерге базарлық болды деуге болады. 

Бұған дейінгі аудан әкімінің Аламесекке жұмыс сапары барысында жергілікті халық ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселе көтерген. Көне нысан мұнда келген науқастардың ем алуына да, абзал жандардың емдік шаралар көрсетуіне де қолайсыз екенін біз де жақсы білеміз. Оны Асқарбек Есжанов та барып көрді. Көп ұзамай бұл мәселені шешуге тыры-сатынын жеткізіп, кез келген мәселенің шешімі қаражатқа байланысты болғандықтан толық уәде берген жоқ. Бұл жолы әкім ауыл халқымен кездесуге сүйінші жаңалықпен келіпті. Яғни алдағы уақытта ауылдағы абзал жандар жұмысын жаңа нысанда жалғастырады. Яғни 2023 жылы Аламе-секте ауылдық емхана құрылысы басталады. 

Бұған дейін де ауылдағы ішкі көшелердің барлығы бүгінде тозығы жеткенін айтқанбыз. Бұған қатысты да келер жылы Есет батырда жол құрылысы қарқын алғалы тұр. Ал ауылға кіреберістегі көпірдің маусымында халыққа қандай мәселе болғаны айтпаса да белгілі. Кеше көпір құрылысының да тәмамдалғанын көріп, қуанып қалдық. Жол құрылысынан бөлек, биыл ауылда ауыз су жүйесін  кеңейту, электр желісін жаңғырту қолға алынады. Тізе берсек, ауылда алдағы уақытта жүзеге асатын жарқын жобалар жетерлік. Бастысы, халықтың атқарылған істерге берер бағасы жоғары.

Шынында, екі мыңға жуық халқы бар Есет батырда да биыл ілкімді жобалар қолға алынады. Халықтың негізгі тіршілік-тынысы ауыл шаруашылығына тәуелді. Жергілікті тұрғындар егін және мал ша-руашылығында нәтижелі еңбек етіп келеді. Елді мекенде негізінен жол сапасы ауылдағы ағайынның басты мәселесіне айналған. Оны жоғарыда айттық. Бір сөзбен айтқанда, ішкі көшелердің көбісінің сапасы сын көтермейді. Кешегі кездесуде ауыл халқының алдағы 1-2 жылда жол құрылысының қарқын алатынын естіп, қуанғаны да сондықтан.

Есет батырдағы мәдениет үйінде бас қосқан тұрғындардың әкімге айтар алғысы да, назарға салар мәселесі де жоқ емес екен. Бастысы, Аламесектегі ағайын да ауданда атқарылған жұмыстарға дән риза.

Биыл ауданда жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асады. Оның ішінде Аламесектегі ағайынның талап-тілегі ескерілген жобалар жоқ емес. Біз тек қаржылай қолдау тапқандарын айтып отырмыз. Мұнан бөлек 13,6 млрд теңгенің 35 жобасы дайын тұр. Бұлар да сараптамадан өтіп, кемінде 60-65 пайызы қолдау тапса, ауданда тұралаған мәселелердің біршамасы шешімін табары анық.

Айта кетейік, биыл аудан бюджеті 8 млрд 755 млн теңге болып белгіленген. Оның ішінде 1 млрд 907 млн теңгесін жергілікті түсімдер құрайды. Асқарбек Есжанов жыл соңына дейін әлі де біршама жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы құжаттар дайындалатынын жасырмады. Демек, биылғы жылдың еншісіндегі жұмыстар мұнымен шектелмесі анық.

Иә, биыл батыр атындағы ауылда жалпы құны 410,1 млн теңгені құрайтын медициналық нысанның іргетасы қаланады. Былтыр ауыл тұрғыны елді мекендегі жарық мәселесін көтерген. Жел тұрса, электр жарығы жиі істен шығады екен. Одан бөлек көше жарығына қатысты мәселелерді де әкім назарына салған. Одан бері ауылда жергілікті бюджеттен және демеушілер есебінен 3 көшеге жарық жүргізілді. Тағы да ауылдағы бірнеше ішкі көшеге жарық жүргізу үшін арнайы жобалар әзірленіпті. Демек, алдағы уақытта бұған қатысты ел көтерген мәселелер әлі де ескеріледі деген сөз. Ал электр жарығына келсек, биыл Аламесекте электр желілері толықтай жаңартылатынын жоғарыда айттық.

Ауылда жүзеге асатын биылғы жылдың еншісіндегі жобалар легі мұнымен шектелмейді. Есет батырда бұйыртса, ауыз су жүйесі кеңейтіледі. Сондай-ақ, бақша саламын деген азаматтар үшін 50 гектар жер ашылады. 

«Бұған дейін Жаңадарияда болдық, шалғай ауылдағы ағайын біршама мәселесін назарға салды. Сіздердің де талап-тілектеріңіз ескерусіз қалмайды. Былтыр емхана мәселесін айттыңыздар, биыл сәтін салса, оның құрылысы басталады. Жаңа айтып жатқан мәселелеріңіз де ескеріледі. Ел ішіндегі тұралаған мәселелер сіздерге жат емес. Сондықтан қай уақытта да сіздерді тыңдауға дайынмын. Бастысы, сіздермен болған ашық әрі еркін форматтағы диалогтың нәтижесін тұтас ауыл халқы көрсе болды. Мейлінше елдің мәселесін ертеңге қалдырмауға тырысамыз. Бүгін де көтеріп отырған мәселелеріңіз, айтып жатқан ұсыныстарыңыз орынды. Оның барлығына жұмыс жасаймыз», – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.

Кездесуде ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіқайыр Әйтімов те сөз алды. Көпті көрген қарияға ауылдың ішкі мәселелері таңсық емес. Ол кешегі кездесуде ауыл мектебіне аяқ су тарту мәселесі шешімін тапса деген ұсынысын жеткізді. Яғни мектеп ұжымы оның айналасын көркейтуге күш салайын десе, аяқ су мәселесі қолбайлау болып тұр екен. 

Бұл мәселе де елдің алдында талқыланды, жан-жақты қараған Асқарбек Есжанов жергілікті мәслихат сессиясында қаражат қарап, арнайы сусорғыш насос алуға ықпал ететінін жеткізді. Ал «Биыл жол сапасына қатысты Аламесекте ешқандай мәселе жоқ екен» деген халыққа әкімнің жауабы да дайын екен. 

 «Біз алдымен электр жарығын жаңалап, ауыз су жүйесін кеңейтіп алайық, содан кейін барып, жол құрылысын бастаймыз. Болмаса ертең ел ішінде реніш болады. «Жол салып, қайтадан оны қазып жатыр» деген әңгіме де бізге керек емес. Бағана сөз ба¬сында айтқанмын, тағы да айтамын, біз үшін қолға алған жобалардың игілігін алдымен жергілікті халық көруі керек, ол үшін барлық жоба өміршең болуы тиіс», – деді аудан әкімі. 

Тыңдап отырсаң, сөзінің жаны бар, ұмытпасам, 2-3 жыл бұрын Дәуімбай елді мекенінде дәл осындай жағдай орын алған. Алдымен сондағы ішкі көшелердің біріне асфальт төселді, артынан үйлерге газ тарту жұмыстары жүрді. Сол кезде ел ішінде дәл осындай әңгіме болды. Сон-дықтан ауылдағы ағайын ақырын күткені де дұрыс сияқты. 

Өткен кездесудегі айтылған ұсыныстар сарапталды, басқа да мәселе-лер назарға алынды. Соңында ауыл ақсақалдары аудан әкімін батамен шығарып салды.

Тағы да оқыңыз: