Kyzylorda-news.kz Мәжілістегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Мұрат Ергешбаев пен Мархабат Жайымбетов Сырдария ауданында іс-сапары барысында Ақжарма ауылында болып, ауылды газдандыру жұмыстарымен танысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап өтті. Осыған орай, өңірде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданда өткен жылы партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында Н.Ілиясов және Шаған ауылдары табиғи газға қосылды. Енді Ақжарма ауылын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – Ақжарма ауылы халқының көптен күткен жаңалығы. Жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығы қазіргі таңда басты назарда», – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов көгілдір отынның ауыл халқы үшін маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
«Сайлауалды бағдарлама аясында жасалып жатқан жоба сапалы әрі мерзімінде халық игілігіне берілу қажет. Көгілдір отын әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра берсін. Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады», – деді фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов.
Атап өтейік, Ақжарма ауылын газдандыру жобасының жалпы құны – 1 млрд. 881 млн теңгені құрайды. «Алия Сервис» ЖШС құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта қажетті техникалар жұмылдырылып, жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.
«Мемлекет басшысы бұған дейін 1700 км газ желісін жаңартуды тапсырған болатын. Осы орайда Президентіміздің бастамасы аясында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген газдандыру жұмыстары баршамыздың ортақ қуанышымыз», – деді Мұрат Ергешбаев.
Мәжіліс депутаттары газдандыру жұмысының маңызын атап өтіп, жоба тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізіп, ұсыныстарымен бөлісті.

