Kyzylorda-news.kz Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі енгізілгелі уақыттан бері Қызылорда облысындағы 146 әкімнің 90 пайызы жаңадан сайланды.
ҚР Жергілікті өзін өзі басқару туралы заңға сәйкес әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады. Дегенмен сайланған әкім өзге қызметке ауысса немесе қоңыс аударса және өзге де себептер туындаса өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтайды. Мұндай жағдайда ауыл әкімінің орнына қайта сайлау тағайындалады.
Жыл басынан бері 31 әкім сайланды. Оның 2-і кент, 29-ы ауылдық округ әкімі. 31 әкімнің 11-і саяси партиядан, 20-ы өзін-өзі ұсыну жолымен сайланды.
24 қарашада Жаңақорған ауданының Ақүйік ауылдық округінде әкім сайлауы өтеді. Науқанда 1356 сайлаушы дауыс беруге құқылы. 3 кандидат тіркелген. Барлығы да өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынауда. Олардың орташа жасы – 44.
1 желтоқсанда Арал ауданының Сапақ ауылдық округінде әкім жаңадан сайланады. Мұнда 476 сайлаушы тіркелген. 3 кандидаттың 1-і саяси партия, 2-і өзін өзі ұсыну жолымен кандидат ретінде бақ сынайды. Олардың орташа жасы – 42.
Өңірде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына да сайлау өткізіледі. 7 округтегі Қызылорда қаласы және 4 ауданда өтетін науқанға 21326 сайлаушы дауыс беруге құқылы.
Науқан уақытында 14 учаске жұмыс істейді. 7 округ бойынша 21 кандидат тіркелді.
Тіркелген 21 кандидаттың 4 саяси партиялар, 17 өзін-өзі ұсынған. Оның 16 ер адам, 5 әйел адам.
Қазіргі уақытта кандидаттардың үгіт науқаны басталды, ол 7 желтоқсан 00.00 сағатқа дейін созылады.